×

«30 шақырымды екі сағат жүреміз»: СҚО-да бірнеше ауданның тұрғындары жол азабын тартып отыр

Тұрғындардың айтуынша, «ҚазАвтоЖол» тапсырысы бойынша салынған жол жарты жылда опырылып қалған

 Самат Жақып 11.11.2022 | 16:54
Коллаж: Халық үні

Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарының сапасы сын көтермейді. Ауыл тұрғындары тыс түссе аудан орталығына жете алмай қалады. Себебі бұл уақытта күре жолдар батпаққа айналады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

«30 ШАҚЫРЫМДЫ ЕКІ САҒАТ ЖҮРЕМІЗ»

Уәлиханов ауданы Ақбұлақ ауылының тұрғындарының жаңбыр мен қар жауса мазасы қашады. Себебі бұл жерден аудан орталығына қатынау қиындайды. Кедір-бұдыр жолмен жүретін тұрғындар күзден көктемге дейін ауылдан шыға алмайды.

Себебі Ақбұлақ ауылынан аудан орталығы – Кішкенекөл ауылына апаратын 30 шақырым жолға асфальт төселмеген. Салдарынан қоғамдық көліктер де бұл ауылға қатынамайды. Тұрғындар бұл аймақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегеніне ондаған жыл болғанын айтады.

«Ақбұлақтан аудан орталығы Кішкенекөл елдімекеніне дейін 27 шақырым. Отыз шақырымды екі сағат жүреміз. Жер балшық болған кезде қатынас мүлде тоқтайды. Кеше ұлым жолға шыққан еді. Алайда діттеген жеріне жете алмай, кері айналып келді. 21 ғасырда жол жоқ деген масқара емес пе? Жолдың жоқтығынан қорлық көріп отырмыз. Жаңбыр жауса, жағдайымыз осылай қиындап кетеді. Ауылдың маңында карьер тұр. Содан қиыршық тас алып төсеуге болады ғой. Әкімдер соны неге жөндемейді? Талай барып, базынамызды айттық. Құрғақ уәде беріп шығарып салады», - дейді Ақбұлақ ауылының тұрғыны Зейнолла Жүкенов.

Бұл елдімекен Петропавлдан 500 шақырым жерде орналасқан. Ауа райы бұзылса, көліктер балшыққа батады. Оны тек арнайы техникамен шығарады. Себебі кей жердегі шұңқырдың тереңдігі бір метрге дейін жетеді. Жергілікті тұрғындар кейде ауруханаға да дер кезінде жете алмайды. Олар бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді.

Жергілікті тұрғындардың күні осы жолға қарап тұр. Себебі көбі ауданда жұмыс істейді. Ал жұрт тапқан-таянғанын көлігін жөндеуге жұмсайды. Жер құрғағанның өзінде де жағдай қиын. Шұрық-тесік жері көп, - дейді ауыл тұрғыны Мақсат Ескендіров.

Жергілікті билік өкілдері аталған мәселеден құлағдар. Әкім 30 шақырымға созылатын Кішкенекөл – Ақбұлақ жолына қиыршық тас төсеу жұмыстары енді басталатынын жеткізді.

Ауылда қиыршық тас карьері бар. Ол «СевКазТас» ЖШС-ға тиесілі. Кәсіпкермен сөйлестік. Ол бізге екі камАЗ тас беретін болды. Жолды тегістеу үшін соны төсейміз. Жалпы бұл жолда жөндеу жүмыстары 2016 жылы ғана жүргізілген еді, - деді Ақбұлақ ауылының әкімі Қуаныш Темірханов.

Ал екі көлік қиыршық тастың 30 шақырымға жететін-жетпейтінін белгісіз.

«БАЛАЛАР МЕКТЕПКЕ БАРА АЛМАЙ ОТЫР»

Мамлют ауданына қарасты Щучье ауылының тұрғындары да жолдың жағдайына шағымданды. Жол болмаған соң ата-аналар баласын балабақша мен мектепке апара алмай отыр.

«Ауылдағы мектеп бірнеше жыл бұрын жабылып қалды. Сондықтан балаларымызды көрші Белое ауылына апарып оқытамыз. 9 шақырым жол бізді әбден титықтатып жіберді. Бұл аралықты жүріп өту үшін Нива не болмаса УАЗ көлігі қажет. Щучьеде тұрып жатқаныма 26 жыл болды. Биыл ғана жолға аздап қиыршық тас төселе бастады. Бірақ жөндеу жұмыстарына мамандар жазда емес, күзде кірісті. Осылайша жауаптылар артық қыламын деп тыртық қылды. Олар қиыршық тас төсейміз деп жолды езіп тастады», - дейді Щучье ауылының тұрғыны Елена Левина.

Қазір бұл аумақта жылдамдықты сағатына 20 шақырымнан асыруға болмайды.

Екі шақырым жолды жөнделгендей болды. Қалған іс ауа-райының қолайсыздығына байланысты тоқтатылды. Облыс әкімі Белое ауылына келген екен. Бірақ жолдың нашарлығынан біз кездесуге баруға үлгермедік. Әйтпесе елдімекенде проблема деген бастан асады, - дейді ауыл тұрғыны Елена Левина.

«АСФАЛЬТ ЖАРТЫ ЖЫЛДА ОПЫРЫЛЫП ҚАЛДЫ»

Шал ақын ауданында Сергеевка – Кривощекова жолы еліміз егемендік алғалы жөндеу көрмеген. Кейінгі екі жылда бұл жерге асфальт төселді. Республикалық маңызға ие тас жолды қайта қалпына келтіруге ел қазынасынан 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Бірақ жаңа асфальт жарты жылға жетпей опырылып қалған.

«15 шақырым жолды жөндеу жұмыстары былтыр басталып, екі жылға созылды. Алғашында бәрі жақсы көрінген еді. Жұмыс басталғанда қуанышымызда шек болмады. Алайда төселеген асфальт күзде опырылып қалды. Сонда ол қандай технологиямен салынды? Ал жауаптылар оны қалай қабылдап алды? Бұл сұмдық жағдай ғой. Қызығын 6-7 айға ғана көрдік. Негізінен бұл жол республикалық маңызға ие болған соң, тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» компаниясы болды», - дейді Шал ақын ауданының тұрғыны.

Солтүстік Қазақстан обылысында автомобиль жолының ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында Орал қаласынан 40 шақырым жердегі Ұзынкөл ауылының тұрғындары қар жауғалы облыс орталығына қатынай алмай қалды. Бес күннен бері тұрғындар қалаға бара алмай отыр. Себебі ауылға кіреберістегі алты шақырым жол жөндеуге жеті ай бұрын жабылған. Құрылыс кезінде тұрғындар үшін айналма жол дайындалмаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама