Жаяу адамның бірі көз жұмды
Жетісу облысында жүргізуші екі адамды қағып, оқиға орнынан қашып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, адам өліміне әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғасынан қашып кеткен 31 жастағы Toyota Camry 10 жүргізушісі ұсталды. Бұған дейін бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылған азамат қазір полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Қайғылы оқиға 10 қараша күні Жаркент қаласындағы Әлиев көшесінде болған. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік екі жаяу жүргіншіні қағып кетті. Өкінішке қарай жол-көлік оқиғасы салдарынан 28 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Көлік жүргізуші қашып кеткен.
Қатты соққыдан оқиға орнында автокөліктің мемлекеттік нөмірі (МТНБ) түсіп қалды. Сол арқылы оқиға орнынан қашқан жүргізушіні анықтау мүмкін болды. Жаяу жүргіншілерді көршілес Алматы облысының 31 жастағы тұрғыны қағып кеткендігі анықталды. Көлік тәркіленіп, арнайы тұраққа қойылды, – деп мәлімдеді Панфилов ауданының полиция бөлімінен.
Жол апатынан аман қалған 34 жастағы ер адам дәрігерлердің бақылауында. Тергеу қылмыстық заңнаманың екі бабы бойынша жүргізіліп жатыр.