Алматыда соқтығыстан жолаушылар автобусы: жүргізуші екі айға қамауға алынды
Жол апатынан 1 адам қаза тауып, 21 адам зардап шекті
8 қарашада Алматыда Төле би - Абылай хан көшелерінің қиылысында екі автобус соқтығысты. Апат салдарынан бір адам көз жұмып, 21 адам медициналық көмекке жүгінді.
Бүгін автобус апатына қатысы бар жүргізуші қамауға алынды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының ресми өкілі Абай Жарылқасын мәлімдеді.
Алматы қаласы тергеу сотының қаулысымен 11 қараша күні сотқа дейінгі тергеу органдарының күдікті А-ға қатысты 2 айға күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініші санкцияланды. Күзетпен ұстау мерзімі 2023 жылдың 9 қаңтар күніне дейін белгіленеді, – деді ол.
Полицияның мәліметінше, жеке тасымалдаушы компаниялардың біріне тиесілі МАЗ қоғамдық көлігінің 35 жастағы жүргізушісі Абылай хан даңғылымен оңтүстік бағытта келе жатып, Төле би даңғылының қиылысында бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кеткен. Төле би даңғылымен шығыс бағытта келе жатқан Golden Dragon маркалы автобуспен соқтығысқан.
Көлікті 59 жастағы ер адам басқарған. Соқтығысқан соң №98 қоғамдық көлік екпінмен тротуарға шығып кетіп, жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Салдарынан жаяу жүргіншілердің бірі – 37 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды.