Мүгедектер мен зейнеткерлердің ақшасын жымқырған шенеунік жауапқа тартылды
Оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады
Қарағанды облысы Абай қаласындағы қарттар үйінің директоры Сыздықан Н. қариялардың зейнетақы төлемдері мен жәрдемақысын ұрлағаны үшін айыппұл төлейді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Qamqor» жедел алдын-алу шарасы аясында қарттар үйінің қамқорлығындағы 90 адамның қаражатын ұрлау фактісін анықтаған болатын. Оның ішінде 30 мүгедек және 60 зейнеткер бар. Айыппұлдан басқа, директорға өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынады.
Сондай-ақ КММ-нің әлеуметтік жұмыс жөніндегі екі маманына (Евстафьева М. мен Лимарева Ю.) және Абай қаласының Қазпошта бөлімшесінің қызметкері Брушневскаяға Л. өзінің қызметтік жағдайын пайдаланумен ұштасқан сенімді алдау және теріс пайдалану жолымен өзгенің мүлкін ұрлағаны үшін үкім шығарылды. Олар кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды және жазаны өтеудің мерзімінде мәжбүрлі еңбекке тартыла отырып, пробациялық бақылау белгіленді.
Еске сала кетсек, бұған дейін мүгедектігі бар жандар мен зейнеткерлердің ақшасын жымқырған қарттар үйінің қызметкерлері ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.