Мектеп директоры мұғалімдерді ауданнан келетін комиссиямен әбден қорқытып тастаған
Кеше Instagram желісінде Қарағанды облысындағы Абай ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша барған жас мұғалім Әлихан Ибраһимовтің видеоүндеуі тарады. Ол жергілікті жердегі білімнің сапасыздығын жайып салған.
Нақты айтқанда, Әлихан Ибраһимов қазір Ақбастау ауылының мектебінде физика пәнінен сабақ береді.
Мектептегі білім деңгейі өте нашар. 11-сыныпта көбейту кестесін білмейтін бала отырғанда, білім сапасы жайында не айтуға болады? Ал жоғары сыныпта кітапты ежелеп оқып отырғандарды қайда жібереміз? Математика, жаратылыстану сияқты пәндер төменгі және жоғарғы сыныптарда бірігіп өтеді. Елестетіп көріңізші, бір 45 минутта мен физика пәнін бірден 8 және 10-сыныпқа өткіземін. 6-8-10 сыныптарға бір уақытта өтетін пәндер де бар. Әр сыныпқа 45 минут емес, 15 минут қана уақыт бөлінеді. Мұғалім әртүрлі 3 сыныпқа дайындалады. Бірақ жалықыны бір сабаққа ғана алады, - деп ашынды жас маман.
Оның айтуынша, информатика пәнінен сабақ беретін мұғалім техникаға да, сабаққа да, білім беру порталына да жауапты. Ал жалақысы мардымсыз. Тіпті, мектепте 50 жылдан бері сыйақы алмай жүрген мамандар бар екен.
Сабақ кезінде жиналыс өткізіп, директордың кабинетіне шақыру – мен үшін түсініксіз жағдай. Мұғалімдерді ауданнан келетін комиссиямен әбден қорқытып тастады. Мен бірден жоспармен жүре алмайтынымды айттым. Себебі балалардың білім деңгейі бір-екі айға емес, екі-үш жылға қалып қойған, - деді Әлихан Ибраһимов.
Бұл ретте «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша құжат рәсімдеу де машақатқа айналған. Әлиханның өзі сол үшін ауданға 15 рет барып келген. Ал директор оны жеке шаруа деп санайтын көрінеді. Сол себепті, жас мамандар ақысыз демалыс алуға мәжбүр.
Sputnik.kz-тің хабарлауынша, Қарағанды облыстық білім басқармасы осы видеоүндеуден кейін Ақбастау ауылдық мектебіне ішкі тексеріс жүргізілгелі жатқанын мәлімдеген.
«Арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына білім басқармасының, білім беру саласындағы сапаны бақылауды қамтамасыз ету департаментінің өкілдері енді. Ақпарат расталса, барлық қажетті шаралар қабылданып, лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылатын болады», - делінген ресми хабарламада.