Мұнда көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналар тұрады
Шымкентте Нұрсат-3 шағын ауданындағы көпқабатты үйдің тұрғындары жиналып, мемлекеттік бағдарлама аясында берілген үйдің жағдайына шағымданды. Тұрғын үй бес жыл бұрын қолданысқа берілген.
Мұнда аз қамтылған, көпбалалы, толық емес отбасылар және мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Алайда ипотекаға пәтер алған тұрғындардың қуаныштары ұзаққа созылмаған.
«Көшіп келген жылдары бәрі жақсы болды. Кейіннен 8, 9 қабатқа жылу бармайтын болды. Қазір жылу алтыншы қабаттан әрі қарай жоғары жаққа мүлде көтерілмейді. Ал жоғары қабаттағы пәтерлер жас отбасыларға берілген. Әрқайсысының 4-5 баласынан бар, қазір олар ауаға ақша төлеп отыр. Жылу берілмесе де, жылу үшін ақша төлейді. Тоқ пешті қосқаны үшін тағы төлейді», - дейді Айнұр Әріпбекова.
Тоғыз қабатты үйде бұған дейін лифті де істен шыққан. Өз бетінше қозғала алмайтын азаматтар пәтерінен екі жылға жуық уақыт шыға алмаған. Енді оларда ауыз су мәселесі пайда болды. Тұрғындардың сөзінше, тұрғын үйде ыстық су күн сайын өшіріледі.
Өзімнің екінші топтағы, күйеуімнің бірінші топтағы мүгедектігі бар. Екі бала тәрбиелеп отырмыз. Екі бөлмелі пәтерді 11 жыл күттік. Кілт қолымызға тигенде қатты қуандық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Не жылы су, не жылу болмайды. Жаңбыр жауғанда қабырғаның бәрі ылғалданып, көгереді. Қатты әбіржіп кеттім. Көгерген жерді әктей беру маған да оңай емес, - дейді Меруерт Есімова.
Жаңбыр жауса, суы тұрғын үй ішіне кіреді. Жөндеу жұмыстарынан шаршаған тұрғындар әкімдік мәселені көзге ілмей отырғанын айтады.
«Жаңбыр жауған сайын үйдің төбесі мен жан-жақтан су ағады. Күз басталса көрген күніміз осы. Сосын тоққа түсіп өліп кетеміз бе деп жарықты қоспай отырамыз. Бармаған жеріміз жоқ. Бірақ бізді тыңдайтын бір адам жоқ», - дейді шымкенттік Гүлжазира Аңдасбекова.
«Жаңбыр жауған кезде пәтерлердің бәріне су өтеді. Оның бәрін үкімет біліп отыр. Айтып-айтып шаршадық. Келеді де жамап-жамап кетеді. Жылдан-жылға мәселеміз көбейіп, күрделеніп кетті. «Қуат жылуды» шақырсақ, «жылу жертөлеге келіп тұр» дейді. Пәтер иелері кооперативіне айтсақ, келіп жөндеп кетеді. Сосын екі сағаттан кейін жылу азайып кетеді», - дейді Шымкент тұрғыны Айнұр Әріпбекова.
Мемлекеттік бағдарлама аясында берілген баспаналардың кепілдік мерзімі биыл аяқталады.
Жалғызбасты анамын. Үйді 12 жыл күттік. 5 жыл бұрын көшіп келдік. Жарты жыл сайын жөндеу керек. Себебі пәтердің қабырғасы ашылып кетеді. Тағы бес жылдан кейін үйінді астында қаламыз деп қорқамын, - дейді Сәуле Әбдиева.
Пәтерді 12 жыл кезекте тұрып алған шымкенттіктің бірі – Бақытгүл Қосаева. Ол қомақты қаражаты болмағандықтан, мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алғанын айтады. Осы жерде тұрудан басқа амалы жоқ екенін жеткізді.
Қаратау ауданы әкімдігі тұрғындардың жанайқайынан бейхабар екенін айтты. Ал қаланың құрылыс басқармасының өкілдері мердігер компанияның жөндеу жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.
«Қабырғаның жарылуы бойынша айтсақ, үйдің ішінде панельдің қосылған жері жарылған. Терезеден де су өтіп жатыр екен. Ол бойынша мердігер жұмысқа кіріседі. Кемінде бір апта ішінде кемшілікті қалпына келтіру жоспарланып отыр», - дейді Шымкент қаласы құрылыс басқармасының бөлім басшысы Нұржан Оразбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің төбесі құлап жатқаны белгілі болды. Тұран шағын ауданындағы 9-қабатты үйге тұрғындар 2022 жылдың ақпанынан бастап қоныстанған.