«Егін бітік шықпауы мүмкін». СҚО диқандары жылдағы жұмысына кірісуге күмәнданып отыр

Самат Жақып

Теріскейдегі шаруалар наурыз-сәуір айында жауын-шашын көп түседі деп үміттеді

фото: Halyq Uni

Ел қамбасының үштен бірін астыққа толтыратын Солтүстік Қазақстан облысының диқандары биыл құрғақшылық жағадан алады ма деп алаңдап отыр. Себебі бірнеше айдан кейін, өңірде көктемгі дала жұмыстары басталады. Ал топырақтың ылғал қоры жылдағымен салыстырғанда бірнеше есе аз.

Әдетте, Солтүстік Қазақстан облысы қаңтар-ақпан айларында қалың қардың астында жатады. Бірақ биыл өңірде қар өте аз жауды. Қыстың ызғары да сезілмеді, қардың қалыңдығы да биыл СҚО-ға тән емес.

Жергілікті шаруалар биыл жауын-шашынның аз болуы көктем мен жазда су тапшылығына және ауыл шаруашылығы өнімдерінің күрт қымбаттауына әкеліп соғуы мүмкін екендігін ескертті. Олар жыл сайын жақсы өнім алу үшін егіс алқаптарында қар тоқтату жұмыстарын жүргізетін. Қыстың қақаған суығына қарамастан, егіс алқаптарына техникалар шығарылып, механизаторлар қара жерді қолдан ылғалдандыратын еді. Алайда, шаруалардың дені биыл бұл әдетіне баспай, босқа шығындалудан қорқып отыр.

«Егістік алқабының көбінде қар тоқтату жұмыстарын жүргізген жоқпыз. Бұл шаруа артық шығынды қажет ететіні белгілі. Жанар-жағармай керек. Техниканы дайындау тағы бар. Ақылдаса келе, осындай шешімге келдік. Себебі биыл мүлдем боран болған жоқ. Текке шығындалуымыз мүмкін еді. Табиғат өзгеріп жатыр. Қазір орман маңында ғана айтарлықтай қар бар. Егін бітік шықпауы мүмкін. Мал азығы қалай болады? Белгісіз. Енді тек сәуір-мамыр айларынан жақсылық күтеміз», - дейді шаруа Александр Пушкин.    

ТОПЫРАҚТЫҢ ЫЛҒАЛ ҚОРЫ ЕКІ ЕСЕ АЗАЙҒАН

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4,3 миллион гектар алқапқа ырыс дәні себіледі. Оның 3 миллион гектары бидай, қалғаны майлы дақылдар. Диқандар қажетті тұқым қорымен қамтамасыз етілді. Бірақ, топырақтағы ылғал қорының жоқтығынан, шаруалардың көбі әлі іске бел шеше кірісуге күмәнданып отыр.

«Былтыр қар тоқтату жұмыстары жүргізілген жерде ақ ұлпаның биіктігі жоқ дегенде 15-20 см болған. Биыл ол екі есе төмен. Ашық алқаптарда қар мүлде жоқ. Қара жер көрініп жатыр. Бұл дегеніміз нағыз экологиялық апат. Ауыл шаруашылығы мамандары үшін қиын жыл болатын сияқты. Оның үстіне былтыр күзде жаңбыр жаумады. Күн ыстық болды. Қазір жер әбден құрғады. Қыс боранды болады деп сенген едік. Бірақ биылғы мезгілі біз ойлағандай болмады. Енді не боларын, жағдай қалай боларын білмеймін. Былтырғы маусым біз үшін өте ауыр болды. Биыл шаруаларға түсетін ауыртпалық одан да қатты болатын сияқты. Жамандық шақырмаймыз, бірақ барлығына дайын болғанымыз абзал», - дейді білікті агроном Азамат Сағандықов.

Аймақтағы топырақ қорының ылғалдылығын «Қазгидромет» мамандары да растап отыр. Қар аз жауғандықтан өңірдегі кей аудандарда жердің тоңы 1,5 метрге дейін қатып қалған.

«Облыстың оңтүстік, оңтүстік-шығыс бөлігінде қар тым аз жауды. Әсіресе Ақжар ауданында жағдай мәз емес. Ақпан айында орта есеппен өңірде ақ ұлпа тек 10 миллиметрдей ғана түсті. Ал былтыр 45 миллиметрге дейін жеткен еді. Әрине бұл ауыл шаруышылығы мамандары үшін қиын. Дегенмен наурыз айы боранды болады деген болжам бар», - дейді «Қазгидромет» РММ СҚОФ директоры Қымбат Мерғалимова.

Естеріңізде болса, былтыр Бастыс Қазақстан облысы қуаңшылық қыспағында қалды. Әсіресе Қарақия, Маңғыстау және Түпқараған аудандарында қуаңшылық салдарына мыңдаған мал басы аштан қырылып қалды. Себебі бұл өңірлерде қыста қар, көктемде жаңбыр жаумаған.

Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде халық егінмен айналысады. Облыстың жазық аумағын тұтастай дерлік игеруге мүмкіндік бар.