Кез келген вирустық инфекцияны жұқтыру кезінде катаральдық белгілер басым болады
Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында тұмау, ЖРВИ-дан басқа да вирус түрлерінің таралып жатқанын ескертті.
Елімізде тұмаудың таралуына қатысты министрліктің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Марал Рақымжанова мәлімет берді.
Елімізде тұмаудан басқа оған ұқсас вирустар таралуда. Тұмауға ұқсас инфекциялар бойынша 2 292 сынама алынды. Оның ішінде 341 сынама немесе 14,8 пайызы оң нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, риновирус – 124, РС вирус – 97, парагрипп – 35, коронавирус – 32, аденовирус – 32, бокавирус – 15 және метапневмовирус – 6, – деді ол ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, кез келген вирустық инфекцияны жұқтыру кезінде катаральдық белгілер басым болады.
«Мұрыннан су ағып, тамақ ауырады. Сол сияқты, катаральдық белгілермен бірге температура көтеріледі», – деді Марал Рақымжанова.
Маман аурудың алдын алу үшін профилактика шараларын сақтауды ұсынды. Ол адамдар көп жиналатын орындарға бармауды, әсіресе жабық жерлерге баруды шектеу керектігін айтты. Сондай-ақ бөлмелерді желдетуді, антисептикалық құралдарды пайдаланып, дезинфекциялық режимді күшейтуді, қолды таза ұстау үшін антисептиктерді немесе дезинфекциялық сулықтарды пайдалануды, науқас адамдармен байланысты шектеп, оларды оқшаулау керектігін ескертті.
«Одан басқа, ауырғандардың 80%-ы балалар екенін ескере отырып, тұмау мен ЖРВИ белгілері пайда болған кезде оларды үйде қалдырып, мектепке жібермеген жөн. Медициналық көмекке уақтылы жүгіну керек», – деді ол.