Қайғылы оқиға тоғызыншы қарашаға қараған түні болған
Алматыда жүкті әйел 8-қабаттан секіріп қайтыс болды. Оқиға тоғызыншы қарашада болған. Көршілерінің айтуынша, марқұм әйел тұрғын үй аумағында бұрын-соңды көзге түспеген.
Halyq Uni тілшісі оқиға болған «Алма сити» тұрғын үй кешеніне барып, марқұмның көршілерімен сөйлесті.
Оқиға Наурызбай ауданында түнгі уақытта болған. Тұрғын үйдің бірінші қабатында тұратын Нәзиля есімді әйел түнгі 2 шамасында шулаған дауыстан оянғанын айтты.
«Ер адам «үстін жабатын көрпе беріңіздерші» деп айғайлады. 8-қабаттан құлағанын сол кезде естідік. Күйеуі жалаңаш шығыпты. Жедел жәрдемді оянған адамдар шақырып жатты. Әйелдің мәйітінің жанында күйеуі жүргендіктен, отбасылық кикілжің деп топшыладық. Тұрғындардың чатына таңғы сағат сегізден бастап жаза бастады. Бұл әйелді бұрын көрмеппін», - дейді алматылық әйел.
Тұрғын үйдің сегізінші қабатында тұратындардың ешқайсысы есігін ашпады. Оқиға болған үйдің есігіне де арнайы белгі қойылмаған.
Айта кетейік, Алматы қаласында 22 жастағы жүкті келіншек тұрғын үйлердің бірінің 8-қабатынан секіріп қайтыс болды. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Мөлдір Бегімбет, Алматы қаласы