Ерекше жандар құрған «Қанаттылар» инклюзивті театры ғимаратсыз жүр
Театрдың 50 артисі тегін жұмыс істейді
7-8 қараша күндері Астанада Орталық Азиядағы тұңғыш «Қанаттылар» инклюзивті театры «Қызжылаған» спектаклін сахналады.
Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы режиссер Болат Атабаевтың сахналауымен 25 жылдан бері театр сахналарынан түспей келеді. Аталған пьесаның негізінде дайындалған «Қызжылаған» спектаклі – Семей ядролық полигонынан жетілмей қалған қыз өмірінен сыр шертеді.
«МӘҢГІЛІК БАЛА БЕЙНЕ» – ҚАЗАҚҚА ОРТАҚ ҚАСІРЕТ
«Қызжылаған» спектаклі – бас кейіпкер Ләйләнің тағдыры арқылы қазақтың бойына біткен мінезі мен басындағы қасіретін көрсетуді мақсат еткен. Қойылым режиссері Абзалбек Асхатұлы аталған туындыны сахналауға жиырма жылдық дайындықпен келгенін жеткізді.
«Бұл театрда ерекше (мүмкіндігі шектеулі) жандар өнер көрсетеді. Автор мен режиссер де, орындаушылар мен пьеса да өз театрын тапқан сияқты. Автор Роза Қажығалымқызы оқылым кезінде қасымызда отырып, пьеасаны бірге өзгерттік. Бас кейіпкерді сомдаған Мәлика Мұхтрова – рухы биік қыз. Ең бірінші күні, оның қолына пьесаны ұстатқан кезде-ақ «бұл – менің тағдырым» деген еді. Бұл – Мәликаның ғана емес, барша қазақтың тағдыры. «Мәңгілік бала бейне» спектаклін алғаш рет 3 жасымда Әуезов театрының сахнасынан тамашаладым. Одан кейін де қаншама рет куә болған туындыны сахналау қиынға түспеді. Керісінше үлкен дайындықпен келдім», – дейді режиссер Абзалбек Асхатұлы.
Сондай-ақ режиссер театр артистерімен бірге тағы бір ауқымды шығарманы сахналауға дайындалып жатқанын атап өтті. Айтуынша, екі актілі «Ромео-Джульетта» спектаклі жақын күндері жарыққа шығуы тиіс.
«Капулетти отбасы сөйлей алатын жандар болса, Монтекки отбасы мылқаулар тілінде ойнайды. Екі арада дау туындап, Ромео мылқаулар тілін үйренеді. Осы арқылы көркемдік-эстетикалық әсерін күшейтеміз», – дейді режиссер.
«ҚАНАТТЫЛАР» ТЕАТРЫНЫҢ ӨЗ ҒИМАРАТЫ ЖОҚ
Ал бас кейіпкер Ләйләнің рөлін сомдаған Мәлика Мұхтарова толғанысқа толы ойынымен көрермен жүрегіне жол тапты. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Мәлика аталған қойылымда өзінің де тағдыры жатқанын, осы себепті толыққанды характер жасау және тарихи шындыққа ден қою оңай болғанын айтады.
«Өзім 13 жасымнан бері бимен кәсіби түрде айналысып келемін. «Қанаттылар» театрында жұмыс істеп жатқаныма биыл тура бір жыл толады. Осы спектакль арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың қиыншылықтарын көпшілікке жеткізгіміз келді. Бас кейіпкер Ләйлә – жаны нәзік, өмірдегі тазалығына сенетін, армандарға сенетін қыз. Бір сәтте кейіпкердің өзіне айналып кеткендей сезіндім», – дейді Мәлика.
Қостанай қаласында туып-өскен Мәлика 2020 жылы Астанаға қоныс аударған. Ол биыл Словакияда өткен Para Dance Sport бойынша әлем кубогында жүлделі орын алған. Әңгіме арасында Мәлика бізге театрдың мән берілуі тиіс бірнеше мәселесін де айтып берді. Айтуынша, Орталық Азиядағы тұңғыш инклюзивті өнер ордасы саналатын «Қанаттылар» театрының жеке ғимараты жоқ. Театр артистері әзірге Астанада қаласындағы «Жастар» театрының ғимаратын паналап отыр екен.
Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Жастар» мемлекеттік қазыналық кәсіпорыны ғимаратында жағдай жасалмағандықтан, ерекше жандар еркін кіріп-шыға алмаймыз. Біздің қызметкерлердің арасында арбада отырғандар, көзі көрмейтіндер бар. Жеке ғимаратымыздың жоқтығы қиын болып жатыр. Одан бөлек театрда 10 адам ғана штаттық қызметте. Қалған инклюзивті 50 қызметкер тегін жұмыс істеп жүр. Осы жағы реттелсе екен, – дейді ол Halyq Uni сайтына берген сұхбатында.
Өзінің айтуынша, ол туғаннан ДЦП дертіне шалдыққан. Дегенмен дәрігерлер нақты диагнозын қоя алмай отыр.
«Жасыратыны жоқ, туғанымнан екі аяғым тартылып туды. Аяғымды сеземін. Дәрігерлер омыртқада жүйке талшықтары байланып қалғанын айтты. Дегенмен емделудің өз тәуекелдері бар. Алланың берген өмірі осы болғандықтан, өзгертуге менің шарам жоқ шығар», – дейді Мәлика.
Кейіпкер тағдырын өздерінің жан дүниесінен өткере ойнаған орындаушылар сахна мен көрерменді бір сәт тұтастырып жібергендей болды. Бізге мұны толассыз қол соққан көрермен қошеметі аңғартты.
Айта кетелік, «Қанаттылар» театрының жаңа маусымы Біріккен Ұлттар Ұйымы күнін мерекелеу шарасы аясында өтті. Іс-шара Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі Сыртқы істер министрлігі мен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының қолдауымен ұйымдастырылды.