Әкімнің резиденциясы балалар орталығына айналды
Бір қабатты ғимараттың көлемі – 910 шаршы метр. Ол 1 гектар жер учаскесінде орналасқан
Жетісу облысы Жаркент қаласындағы облыс әкімінің бұрынғы резиденциясы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына айналды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Мерей» орталығының салтанатты ашылуы өтіп, нысан пайдалануға берілді. Бұған дейін Жетісу облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев Жаркенттегі резиденцияны ерекше балалардың қажеттілігіне пайдалануды тапсырған.
«Мерей» орталығы бір қабаттан тұрады. Мұнда мамандар оңалтуды қажет ететін жандарға қоғамның белсенді мүшесі болуына жағдай жасайды. 3-18 жас аралығындағы балалар ем қабылдай алады»,- деді ғимараттың ашылу салтанатында Панфилов ауданы әкімі Марат Сағымбеков.
Аталған мекемеде 2 корпустан тұрады. Ортасында жаяу жүргіншілерге арналған жабық галерея бар. Аулада балалар үшін ойын алаңы құрылған. Қазірге дейін мұнда 27 бала қабылданған. Олар мемлекет қолдауы арқасында тегін ем қабылдайды.
Осындай орталық ашылғанына разымыз. Бұл мүгедектігі бар баланы асырап отырған ата-аналарға үлкен көмек. Мұнда баламен күні бойы мамандар үздіксіз жұмыс істейді. Олардың емделуіне барлық жағдай жасалып отыр, - деді аудан тұрғыны Алтын Елтаева.
Жаңадан ашылған мекеме заманауи жабықтармен толық қамтылған. Атап айтсақ, сенсорлық, физиотерапия, емдік дене шынықтыру, дефектолог, логопед, гидромассаж, бассейн, еңбекке баулу және дәрігерлік процедуралар кабинеті бар. Әр бөлмеде жеке жуынатын бөлме мен әжетхана орналасқан.
Орталық 40 орынға шақталған. Ғимараттың көлемі – 910 шаршы метр. Қазірге дейін 62 маман жұмысқа қабылданды.
Әмина Құдайберген, Жетісу облысы