Қазақстанның әуе кеңістігімен өтетін транзиттік ұшақтар саны артқан

Қымбат Елтайқызы

Еліміздің аэронавигациялық жүйесі ешқандай шектеусіз әуе қозғалысын қабылдай алады

фото: Halyq Uni

Әуе кеңістіктерінің жабылуына байланысты Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан мен Парсы шығанағы елдеріне бағытталған транзиттік рейстердің көпшілігі қазір Еуропаның оңтүстік дәліздері арқылы орындалып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бұл ретте әуе қозғалысы ағынының бір бөлігі Қара теңіз өңірінен Қазақстан аумағына бағытталды. Соңғы тәулікте елдің әуе кеңістігі арқылы бұрын жоспарланбаған 257 рейс орындалды, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.

Республиканың аэронавигациялық жүйесінің өткізу қабілеті ешқандай шектеусіз әуе қозғалысының қосымша көлемін қабылдауға мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ әуе қозғалысын ұйымдастыру бойынша бірқатар арнайы шара қарастырылған: қосымша секторлар ашу, кезекші ауысымдарды күшейту әрі азаматтық-әскери үйлестірудің өзара іс-қимылы, түзетілген және балама бағыттар ұсыну, Қазақстан әуеайлақтарына қонатын кемелер үшін әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат беруді оңайлату әрі т. б», – делінген ақпаратта.

Еуропадан Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азияға бағытталған рейстердің артуы елімізге айына $1,5 млн көлемінде қосымша табыс әкеледі.

Бұған дейін Қазақстан және Украина арасындағы әуе рейстері тоқтаған болатын.