×

«Интернеттің не екенін білмейтін балалар бар». Алматы облысындағы билік назарынан тыс қалған ауыл жайлы

Шекарамен шектесетін жерде орналасқан бүтін бір ауыл тұрғындары өркениеттен мақұрым қалған

 Думан Қырықбаев 28.02.2022 | 15:13
фото: Halyq Uni

Алакөл ауданындағы Қытаймен шектесетін Көкжар елді мекенінде мектеп, ауызсу үлкен проблема. Ұялы телефон, интернет байланысы мүлдем жоқ. Бейнебір өткен ғасырда қалып кеткендей күй кешуде. Олай деуге де негіз бар. Өйткені, сол тоқсаныншы жылдары Үйгентас ауданы ыдырап, Алакөл ауданының құрамына қосылғалы кейбір ауылдардың көші ілгерілеудің орнына, кері кеткен. Соған дәлел - Көкжар ауылы.

Мұнда тұрғындар смартфон арқылы алыстағы адамдармен хабарласу үшін қыр жағалап, төбе кезіп жүреді. Тіпті, балалардың кейбірі интернеттің не екенін де білмейді, - дейді ауыл тұрғындары.

Ауылдағы 50 шақты оқушы білім алатын мектептің өзі әбден ескірген. Аядай ғана ғимарат 1856 жылы көпестің үйі ретінде салынған екен. Қазір онда шәкірттер екі ауысыммен білім алып жатыр.

«Бұл мектепте мен де оқыдым, балаларым осы білім ошағын бітірді. Енді, қазір немерелерім оқып жатыр. Үлкендердің айтуынша, мектеп бұрын шіркеу болған екен. Әбден ескірді. Заманға сай жаңа білім ордасы керек. Біздің ауыл осы мектептің арқасында ғана тұрақтап отыр. Егер жабылып қалса, жастардың көбі көшіп кетеді», - дейді Көкжар ауылының тұрғыны Светлана Айтжанова.

Шекаралық аймақтағы елді мекенде қазір 250-дей адам тұрады. 30 жыл ішінде халықтың 70 проценті көшіп кетіпті. Өйткені, ел қатарлы өмір сүруге қажетті жағдай жасалмаған. Жұмыссыздық мәселесі тағы бар. Одан қалса, қыстың қақаған суығында ауыз судың өзін ауыл маңындағы бастаудан алады. Бұл жағдай Лидия Иванова сияқты кейуаналарға қиынға соғады екен. Күнделікті тіршілік нәрін иіліп жүріп, иін ағашпен тасиды.

«Осы жерден су тасып жүргеніме 50 жылдай болды. Кей күндері бұл жерге екі-үш рет келемін. Жас кезімізде аса білінбейтін еді. Жас ұлғайған сайын қиын екен. Шелек арқалап, жоғары қарай көтерілу оңай емес», - дейді кейуана.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді мекеннің бір бөлігіне осыдан бес жыл бұрын құбыр тартылған. Бірақ халық игілігі үшін тартылған құбыр қыс түссе мұз болып қатып, істен шығады екен.

Құбырды бір ғана көшеге тартқан. Ол жетпейді. Суды арықтан тасимыз. Оны өзіміз де, мал да ішеді. Оған қоса, мектепке де сол суды тасып жатырмыз, - дейді ауыл тұрғыны Талғат Абдулдин.

Аудан әкімдігіндегілер бар жағдайдан хабардар екенін айтады. Алайда Көкжар ауылына қашан таза ауыз су жеткізілетіндігіне жауап бере алмады. Интернет тартуды айтпағанда, жуық арада мектеп салынуы да екіталай. Себебі, жобалау-cметалық құжаттар жасалынбаған. Ал, орталықтандырылған су жүйесі халық санына қарай кезең-кезеңімен іске асады екен.

«Биыл тізімде Көкжар ауылы жоқ. Үйгентас ауылдық округінен Теректі, Бибақан, Кеңес, Лепсі, Екіпінді ауылдарына жобалық-cметалық құжаттар әзірленуде. Ол дайын болса, 2023 жылға құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», - дейді Алакөл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Алмас Жұмабеков.

Еске сала кетсек, жақында Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында журналистер Үйгентас өңіріне аудан мәртебесін қайтару мәселесін көтерді. Өңір басшысы жуырда жұмыс сапарымен аймақты аралауға баратынын айтып, жағдаймен сол кезде танысатынын жеткізді. Нақты шешім облыс басшысының жұмыс сапарынан кейін қабалданбақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама