×

Еліміздің 241 азаматы Украина-Польша шекарасын кесіп өтті

Қазақстандықтардың қалай эвакуацияланып жатқаны белгілі болды

 Қымбат Елтайқызы 28.02.2022 | 13:50
фото: ҚР СІМ

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарын Украинадан эвакуациялау барысы туралы хабарлады, дейді Halyq Uni тілшісі.

Биылғы 28 ақпандағы жағдай бойынша, еліміздің 241 азаматы Украина-Польша шекарасын кесіп өтті. Одан кейін Польшаның Катовице қаласының әуежайына қарай жолға шықты. Отандастарымыздың бірінші тобы қазір репатриациялық рейске тіркеуден өтіп жатыр.

Шекарада тағы 99 отандасымыз өз кезегін күтуде, олармен бірге Киевтегі Қазақстан елшілігінің дипломаттары бар. Ал Польшадағы елшілік азаматтарымыздың шекарадан өтуін қамтамасыз ету үшін Польша тарапынан шекарада дипломаттардың тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етіп отыр.

«Эйр Астана» эвакуациялық борты (174 орын) 28 ақпанда Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 09.50-де Атырау қаласынан ұшып шықты. Польшаның Катовице қаласына келудің есептік уақыты елорда уақыты бойынша сағат 14.00. Катовице-Атырау бағыты бойынша кері ұшу 28 ақпанда астана уақытымен сағат 15.30-да жоспарланған, – дейді Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Катовице қаласына еліміздің азаматтарының жиналуына қарай қосымша эвакуациялық рейстер жоспарланған.

Бұған дейін Украинадағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау үшін Польшаға ұшақ аттанғаны белгілі болды.

Атап өтсек, қазір Ресей және Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Қазақстан мен Украина арасындағы әуе рейстері тоқтады. Бұған қоса еліміздің турфирмаларына жолдама сатуға тыйым салынады. Қазақстан Украинадағы азаматтарын эвакуациялауға кірісті. Украинада зардап шеккен еліміздің азаматтарының бар-жоғы анықталды. Елшілік Украинадағы қазақстандықтарға үндеу жасады. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама