Қазақстандық қыздардың 6%-ы ерлердің әйелдерге қол жұмсауын қалыпты көреді
Әйелдер құқығын қорғауға тек әйелдер ғана емес, ерлер де араласуы керек, деді Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Рамазанова Орталық Азия елдері бойынша әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықпен күрес тақырыбына ерлерді тарту мәселесіне арналған аймақтық семинарда.
АТҚАРУШЫ БИЛІКТЕ ТЕК ЕКІ ӘЙЕЛ МИНИСТР БАР
«Орталық Азия – Еуразиялық континеттің маңызды бөлігі. Кеңес Одағының өзі еңсере алмаған ұлттық ерекшеліктеріміз бен дәстүрлеріміз бар. Орталық Азияның кез келген республикасында әйелдердің қорғау мен түрлі құқығын қорғауға қатысты ведомстволық өкілдер құрылған. Кей елдерде арнайы комитеттер де бар. Проблематикамен айналысатын консультативтік орталықтар жұмыс істейді. Бұл ретте риториканы өзгертуге атсалысқан қазақстандық белсенділерге алғыс білдіремін. Иә, Қазақстанның 52 пайызы әйелдер. Дей тұрғанымен саяси олимпте басқа көрініс. Мәжілістегі әйелдердің үлесі 26 пайыз, Сенатта 20 пайыздай, ал атқарушы билікте тек екі әйел министр бар. Президент жанындағы ұлттық комиссиясының негізігі миссиясы осы бір аумалы-төкпелі әлемде тепе-теңдікке қол жеткізу. Қазақстан тарихында әйелдер әркез ерекше мәртебеге ие болып келді. Әйелді әйел қорғауы мүмкін емес. Осы ортада ерлердің өздерінің қатысуымен өзгеше ой-пікір қалыптасуына ықпал етуіміз қажет», – деп атап өтті Ләззат Рамазанова.
«КҮЙЕУІ ӘЙЕЛІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАУҒА БОЛА МА?»
Гендерлік теңдік және саналы әке болу мәселелері бойынша жетекші сарапшыларды – ЮНФПА-ның (АҚШ) халықаралық сарапшысы Джейн Като-Уоллес ситуациялық анализдің ұлдар мен қыздардың, әйелдер мен ерлер арасындағы гендерлік теңсіздікті анық көрсетіп беретіндігін айта келе, мынадай деректерді келтірді.
«Гендерлік теңдік туралы айтқанымызда, әйелдер мен қыздар ғана емес, ерлер үшін де маңызды. Көптеген әлемдік зерттеулер көрсеткендей, ерлердің абьюзер болуының бір себебі – бала кезінен аналары тарапынан қатал қысым көруі. Ал бүгінгідей семинарлар гендерлік теңсіздік бойынша болып жатқан жалғасты зорлықты тоқтатуға ерлер мен ұлдарды тартуға көмектеседі. Мәселен, күйеуі әйелін қандай да бір себеппен ұруға, қол жұмсауға бола ма деген сауалнамаға бес елден 15-19 жас аралығындағы қыздар қатысқан. Қазақстандық қыздардың 6 пайызы, қырғызстандық қыздардың 17 пайызы, тәжікстандық қыздардың 19 пайызы, түрікменстандық қыздардың 46 пайызы, өзбекстандық қыздардың 63 пайызы «иә» деп жауап берген. Ерлер мен ұлдарды гендерлік теңдік тақырыбына диалогқа шақыру маңызды. Бұл тұрғыда балалар да психологиялық тұрғыда дамиды», – дейді Джейн Като-Уоллес.
АЖЫРАСҚАН ЕРЛЕР БАЛА ТӘРБИЕСІНЕН ҚАЛЫС ҚАЛАДЫ
Семинар мен тренинг тақырыптары гендерлік теңдікті ілгерілетудің маңызды аспектілерін, соның ішінде зорлық-зомбылықсыз оң отбасылық қарым-қатынастарды қалыптастыруды және саналы ата – ана болуды, сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанып, репродуктивті денсаулықты жақсартып, оның ішінде ана денсаулығын және отбасын жоспарлауды, балалар мен мәжбүрлі некелердің алдын алуды қамтыды. Орталық Азия аймағының өкілдері мен халықаралық сарапшылар ерлер мен ұлдардың қазіргі рөлін талқылап, олардың оң мінез-құлқын жұртшылыққа насихаттаудың маңыздылығы туралы әңгімелесті. Сондай-ақ гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға ерлер қауымдастығын тарту бойынша үздік тәжірибелерді айқындау мәселесін талқылады.
2021 жылғы «Қазақстандағы ерлердің отбасы өмірі мен балалар тәрбиесіне қатысуының деңгейі мен рөлдері: ұлттық әлеуметтанулық зерттеуге Қазақстанның 17 өңірінен 2125 респондент қатысқан. Әлеуметтік зерттеу ұлдарға қарағанда қыздарды үй шаруасына көбірек үйрететінін растап отыр.
Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуге және оларды бағып-қағуда әкелер көп қатыспайды. Мұны ерлердің 96%-ы өздерінің басты міндеті – отбасын асырау деген сеніммен байланыстырған. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, бұрынғы некеден балалары бар ерлердің жартысына жуығы кәмелетке толмаған балаларының тәрбиесімен айналыспайды.
Иә, бұл бастама БҰҰ өкілдері үшін сөзсіз жаңа әдіс болып отыр. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – жиі бұзылатын, кең тараған құқық бұзушылық. Бұл қандай да бір әлеуметтік, ұлттық шекараларға бағынбайды. Өкінішке қарай барлық жерден кездестіріп отырмыз. 15 жастан асқан қыз-келіншектің әр төртіншісі өмірінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Сондықтан Оратлық Азияда гендерлік теңдік мүмкіндіктерін арттыру бойынша жұмыс жалғастыру біз үшін үлкен абырой, – деді ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Ронни Линдстром.
Айта кетелік, аталған семинарды «Жарық сәулесі» (Spotlight Initiative) – Еуропалық Одақ қолдайтын Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық бастамасы ұйымдастырды. Бастама гендерлік теңдікке инвестиция салу және әйелдер мен қыздардың мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жаһандық күш-жігерді біріктіреді. Орталық Азия мен Ауғанстан үшін «Жарық сәулесі» бастамасының өңірлік бағдарламасы құқықтық реформаларды жүргізуге, институттар мен әйелдер қозғалыстарының әлеуетін күшейтуге, гендерлік теңдікке негізделген нормаларды ілгерілетуге, сондай-ақ әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық туралы деректер мен статистиканы жинау сапасын арттыруға ықпал етеді.
Семинарға гендерлік теңдік және саналы әке болу мәселелері бойынша жетекші сарапшылар – ЮНФПА-ның (АҚШ) халықаралық сарапшысы Джейн Като-Уоллес, ЮНФПА-ның Қырғызстандағы кеңсесінің ұлттық сарапшысы Тынчтықбек Бақытов және ЮНФПА-ның Тәжікстандағы кеңсесінің ұлттық сарапшысы Вилоят Мирзоева қатысты.
Орталық Азия елдерінің ұлттық әлеуетін нығайтуға арналған аймақтық семинар мен тренингіне қатысушылар әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа ерлер қалай қарсы тұра алады және гендерлік теңдікті қалай насихаттай алады деген сұраққа жан-жақты жауап іздеді.