Ақтөбеде су спорты мектебіндегі бассейннен балалардың денесі бөртіп кеткен
Әкімдікке 30-дан аса ата-анадан арыз түскен
Ақтөбедегі су спортына арналған мектеп тәрбиеленушілерінің денесіне бөртпе қаптаған. Ата-аналар мұны Достық кешеніндегі бассейннің дұрыс тазартылмауымен байланыстырып отыр. Себебі суға хлорды шектен тыс қосатын көрінеді.
Балаларда құрғақ жөтел, жүрегі айниды. Терісінде аллергиялық жаралар бар. Тіпті, бассейнге ата-аналар жарысқа келгенде көзі қатты ашып, демала алмайды. Хлор тым көп деп ойлаймын. Мүмкін хлор дұрыс шығарылмайтын шығар, - деді тілшілерге шағымын айтқан тұрғын Динара Құттығалиева.
Бұл бассейнге қатысты 30-дан аса ата-анадан әкімдікке арыз түскен. Олар балаларының бассейннен кейін көзі қызарып, тоқтаусыз жөтеліп, денесін қызыл бөртпе басатынын айтады.
Ал бассейннің тазалығына жауапты спорт мектебінің басшылары суды жылына бір рет жаңартамыз деп отыр. Қалған күндері хлор қоспасымен залалсыздандырылады екен. Ең қызығы, бұған дейін жүзуден ел чемпионатына қатысуға келген командалардың бірінің спортшылары түгел ауырған. Ол кезде де хлордан күмәнданған.
Қазір бассейндегі тазалық пен су құрамы тексеріліп жатыр. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров кешен жұмысын тоқтатпайтынын жеткізді.
«Осы жағдайға байланысты тексеру жүріп жатыр. Санитар мамандарды шақырдық. Олар бассейннің суынан сынама алды. Барлығы сол сынаманың қорытындысынан кейін белгілі болады», - дейді ол.