Олар «TikTok әскерлері» деген келеке мен келемежге тез-ақ айналып кеткен еді
Украина қарулы күштері Ресей армиясы сапындағы «кадыровшыларды» аяусыз қырып жатыр. Кеше Лисичанскіде олардың тағы 30-ын жер жастандырған. Бұл туралы «Стопкор» хабарлады.
Украин жауынгерлері қоршауға алынған Лисичанскіде шешендердің «Ахмат» бөлімшесіне күйрете соққы берді. Осы ұрыста олардың 30-дан аса сарбазы оққа ұшып, 15-ке жуығы жараланған.
Бас штабтың хабарлауынша, отты соққы қыркүйекте Шешенстан басшысы Рамзан Кадыровтың бұйрығы бойынша құрылған «Восток-Ахмат» қарулы күштері батальонының бөлімшесіне берілген.
Сарапшылар «кадыровшылардың» өз шығындары жөнінде ақпарат таратпауға тырысатындарын айтып жатыр. Себебі олар өздерін Ресей армиясының жеңілмес жасақтары етіп көрсеткілері келеді. Алайда «кадыровшылар» Украина жеріндегі соғыс барысында негізінен насихаттық материалдар түсіріп, ұрыс қимылдарында түк те бітірмегендеріне байланысты «TikTok әскерлері» деген келеке мен келемежге тез-ақ айналып кеткен еді.