Halyq Uni логотип
×

Мемлекет басшысы Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыруды ұсынды

Кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру қажет

 Динара Амантай 08.11.2022 | 12:10
Мемлекет басшысы Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыруды ұсынды
Фото: bort_01

Ел бойынша Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау жұртшылығымен кездесу барысында айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жиында президент қоғамда заң мен тәртіптің үстемдігі болуы қажет деп есептейтінін атап өтті.

Басқа жолмен ешқандай жұмыс табысты болмайды, тек бос сөз бен жалған ұрандардың астында қаламыз. Әрбір әлеуметтік мәселені қаншалықты күрделі болса да әсіре саясиландырудың қажеті жоқ. Біз бәріміз бір мемлекет, бір қоғам болып, кез келген түйткілді шеше алатынымызға ешқандай күмән болмауға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ мемлекет басшысы қазақ халқының қай заманда да үлкенін сыйлағанын, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтағанын айтты.

Аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес. Сондықтан оның жұмысын жүйелеп, жандандыру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте ол кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болатынын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама