Ұрығын жарнамалап жүргендердің дені – өзге ұлт өкілдері
Соңғы кезде елімізде ұрық саудасын табыс көзіне айналдырған жігіттер көбейген. Оған «өзі үшін бала туып алғысы келетін» қыздардың көбеюі басты себеп дейді мамандар. Өйткені қазір балалы болғысы келетін кез келген әйел жасанды жолмен сәби сүйе алады деп хабарлады Halyq Uni, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бойы 180 сантиметрден жоғары, көзі домалақ, шашының түсі қоңыр. Құлағы қалқаңқұлақ болмауы керек. Осылайша, болашақ балаңның руын да, түрін де таңдауға болады. Ұрық донорын іздейтін қыз-келіншектердің әлеуметтік желідегі жазбасы осындай. Олар «донор боламын, ұрық тапсырамын» деген еркектің кескін-келбетіне, бойына ерекше мән береді.
Оң жақта отырып қалған қыздар уақытын өткізіп алмауы үшін кейде «өзім үшін туып аламын» деген көзсіз ерлікке барып, некесіз бала табуға тәуекел етеді. Алайда елімізде ұрығын жарнамалап, саудаға салатын ер-азаматтардың дені – өзге ұлт өкілдері. Сұрайтын ақысы да әртүрлі. Ең арзаны – 30 мың теңге. Бірақ репродуктолог мамандар әлеуметтік желідегі мұндай хабарлама иелеріне жүгінбеуге кеңес беріп отыр. Өйткені интернеттегі «саудагерлердің» барлығы арнайы тексерістен өтпейді.
Ұрықты бір келіп тапсыруы – 30 мың теңге. Егер 5 рет келіп тапсырса, 5-ке, 10 рет тапсырса, 10-ға көбейтеміз. Бұл жерде ең маңыздысы – сапа. Бізге келгендердің шамамен 80%-ға жуығы донор бола алмайды. Өйткені көрсеткіштері донорлыққа сәйкес келмейді, - дейді уролог Арман Есенұлы.
Қазір Қазақстан аумағында экстракорпоральды ұрықтандырумен айналысатын 20-ға жуық клиника бар. Заң бойынша 35 жасқа дейінгі ер адам жасырын түрде донор бола алады.
Заңгер Олжас Лекеровтың айтуынша, ұрық тапсырушылардың психикалық және репродуктивті денсаулығы сай екенінің арнайы медициналық ұйымның қорытындысы дәлелдеуге тиіс. Ал дін өкілдерінің айтуынша, ұрық доноры болу шариғатқа қайшы. Олар мұндай жолмен дүниеге келген бала некесіз туған боп саналады дейді.
Бөгде әйелдің немесе өзге ер кісінің жұмыртқа клеткасын өзгенің жатырына қондыру шариғат бойынша харам болады. Бұл жолдардың кез келгені зинаның бір түріне жатады, - делінген ҚМДБ түсіндірмесінде.
Жалпы, елімізде ұрық донорлығы 90-жылдары басталған. Ерлер мен әйелдер ЭКО-орталықтарға қанша рет ұрық сатса да шектеу жоқ. Олардың кім екенін зерттеп-зерделеп жатқан арнайы жүйе де қарастырылмаған көрінеді. Ал келешекте сол ұрық иесінен тараған ұрпақ бір-бірімен шаңырақ көтеріп, неке қимауына ешкім кепілдік бере алмайды.