Астана мектептерінде 26 мың оқушыға орын жетіспейді
Министр қалада салынып жатқан мектептердің құрылысымен танысты
Елордада оқушы орнының тапшылығы 26 мыңнан асады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Facebook желісіндегі парақшасына жазды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министр алдымен қала маңында орналасқан «Лесозавод» ауданындағы №49 мектепке барғанын жазды. Оның айтуынша, мұнда 1 300-ден аса бала оқиды.
Мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмыстармен танысып, оқу кабинеттерін араладым, кітапханада оқушылармен және кітапханашымен әңгімелестім. Сондай-ақ әріптестеріммен жұмыс мәселелерін талқыладық. Астанадағы білім басқармасының мектептерде оқушылар сарайының филиалдары мен басқа да қосымша білім беру ұйымдарын ашу бойынша оң тәжірибесін атап өткім келеді. Мысалы, бұл мектепте авиамодельдеу, бокс, волейбол және т.б. үйірмелер жұмыс істейді, – деп жазды министр.
Содан кейін ведомство басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жаңа мектептер салу жоспарланып отырған бірнеше орынға барған. Бұл – Керей-Жәнібек хандар көшесіндегі (әрқайсысы 2 мың оқушы орны), Төле би көшесіндегі (2 мың оқушы орны) және Байтұрсынов көшесіндегі (600 оқушы орны) мектептер.
Қазір қалада оқушы орнының тапшылығы 26 мыңнан асады. Бұл мәселені шешу үшін 2024-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде екі ауысымда 85 мыңға жуық оқушы орнын қамтамасыз ететін 24 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған. Басым көпшілігі 2024 салынып бітеді, – деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол Ұлттық жобаны іске асыруға жетекшілік ететін Астана әкімдігінің өкілдері жер учаскелерін бөлу, ЖСҚ дайындау, инженерлік инфрақұрылым және т.б. мәселелерді шешіп жатқанын атап өтті.
Болашақта елордада білім беру объектілерін салу үшін 102 жер учаскесін бөлу жөніндегі шешім де уақытылы қабылданды. Президенттің жаңа ұлттық жобаны іске асыру жөніндегі тапсырмасы аясында алдағы уақытта үш ауысымды оқыту мәселесі ғана емес, оқушы орындарының тапшылығы да толық шешіледі, – деп түйіндеді сөзін министр.