Отбасы айына 30 мың теңге төлеп тұрған
Алматыда көпбалалы отбасы пәтер ақысын төлемей, үйден кетіп қалған. Бұл жағдай Наурызбай ауданында болған. Пәтер иесі отбасының көшіп кеткенін бірнеше ай бойы білмеген.
Halyq Uni тілшісі пәтерін жалға берген алматылықпен әңгімелесіп, мұндай жағдайдың қаншалықты жиі қайталанатынын білді.
Қалқаман – 2 шағын ауданында пәтер жалдап тұрған отбасының алты баласы бар. Отбасы жеке сектордағы екі бөлмелі үйге айына 30 мың теңге төлеп тұрған.
Пәтер иесінің айтуынша, отбасы заттары мен құжатын алып, үйдің есігін құлыптап кетіп қалған. Үйдің иесі мұны бірнеше ай өткен соң білген. Құлыпты бұзып үйге кіргенде заттардың шашылып жатқанын көрген.
«Күйеуі тұрақты жұмыс істемейтін. Ал әйелі үйде балаларымен отырады. Бастапқыда пәтер ақысын уақытында төлеп жүрді. Кейін бірде төлеп, бірде кешіктіретін болды. Балаларын аяп, оларды қуып шықпадым. Кейінгі 5 айда мүлде төлемеді. Орнына басқа адам алуға үйдің есігін құлыптап кеткені кедергі болды. Үйдің алдында жалға беретін екі бөлме бар. Көп адам пәтерін не үйін көпбалалы отбасыларға бермейді. Жақсылыққа дәл солай жауап беруі керек еді», - дейді үйді жалға беруші әйел.
Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған әйел учаскелік полицияны не себепті шақырмағанын да түсіндірді.
«Полиция шақырып, ақшаны өндіріп алсам болады. Бірақ көпбалалы отбасыға мұндай салмақ салғым келмеді. Алайда мұндай жағдай қалада жиі болады. Сондықтан пәтерді, үйді жалға берушілерді сан соғып қалмауға шақырамын», - дейді ол.
Отбасымен көрші тұрған Әйгерім Құбаның айтуынша, ата-анасы балаларын жиі қараусыз қалдыратын болған.
«Балаларды жиі қараусыз қалдырып кететініне таңқалатынмын. Көп ұзамай олар жоқ болып кетті. Отбасының жағдайы туралы арнайы мекемелерге хабарлай алмайтын едім. Осындай отбасыларды тексеретін, оларға қатысты шара қолданатын әлеуметтік ұйымдар керек», - дейді алматылық Әйгерім Құба.
Айта кетейік, 2022 жылдың мамырында халықтың тұрмысы төмен топтары үшін пәтер жалдау төлемдерін субсидиялаудың жаңа тетігі іске қосылады. Бағдарламаның операторы – «Отбасы банк».
Бұл мемлекеттік қолдау пәтер жалдап тұратын отбасыларға бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Оны отбасы мемлекетке қайтармайды. Алайда мемлекет төлейтін қаржының ішіне коммуналдық төлем кірмейді.
Жалға алынған тұрғын үй бағасының 50 пайызы бюджет қаражаты есебінен төленеді, 50 пайызын төлем алушы өз есебінен төлейді.
Өтініш берушілер – Бірыңғай республикалық электронды базада тұрғын үй кезегінде төмендегі төрт санат бойынша тұрған азаматтар:
Мөлдір Бегімбет, Алматы қаласы