Қазақстандық жеңіл атлет допингпен ұсталды

Дастан Жұмабекұлы

Ол қысқа қашықтыққа жүгіруден бес дүркін Азия чемпионы атанған

фото: olympic.kz

Жеңіл атлетикадан Қазақстан құрама командасы көшбасшыларының бірі Виктория Ан (Зябкина) допингпен ұсталды. Ол тыйым салынған препаратты қолданғаны үшін 4 жылға спорттан шеттетілді.

Допингке қарсы ұлттық орталықтың хабарлауынша, жеңіл атлет Виктория Ан 2021 жылдың ақпан айында тыйым салынған препаратпен ұсталған. Енді ол 2021 жылдың 11 мамырынан 2025 жылдың 11 мамырына дейін жеңіл атлетикадан жарыстарға қатыса алмайды. Оның допинг сынамасынан метастерон табылған.

Виктория Ан - спринттен әйелдер құрамасындағы үздіктерінің бірі. Қысқа қашықтықтарға жүгіруден бес дүркін Азия чемпионы атанған. Универсиаданы үш рет жеңіп алған.

Ол тегін Ан деп өзгертіп, жарыстарға қатысқан. Метастерон табылғаннан кейін жарыстарға қатыспаған.