Қаруларды табуға бағытталған жұмыстар жалғасуда
Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік барысында 1 288 дана қызметтік және 1 672 дана азаматтық қару ұрланған. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша бүгінде қабылданған шұғыл-профилактикалық кешенді іс-шаралар барысында 3 364 дана қару және 55 мыңнан аса оқ-дәрілер алынған. Оның ішінде 934 дана қару (табельдік – 512 және азаматтық – 415) Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған.
Тек соңғы айда заңсыз қару айналымынан қосымша 645 дана қару алынған, оның көбісінің нөмірлері өшірілген. Криминалистикалық зерттеудің қорытындысы бойынша, олардың 20 данасы – Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қарулар.
Биылғы қазан айының соңында Алматы қаласының полиция қызметкерлерімен Қаңтар оқиғасы кезінде қару сататын дүкендерді тонауға қатысқан 6 күдікті ұсталған. Қаскөйлер қарулардың бір бөлігін сатып, бір бөлігін тығып үлгерген. Жасыру орындары қаланың адам жүрмейтін және әр түрлі жерлеріне жасақталған. Қарудан бөлек, оптикалық көздеу және басқа да аңшылық құралдары табылды, – деді Санжар Әділов.
Сонымен бірге спикер жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер қару-жарақ қоймаларын анықтауды және залалсыздандыру жұмыстарын жалғастыратынын айтып, қарулардың қай жерде табылғанына тоқталды.
Оның ұсынған мәліметіне сүйенсек, биыл 6 қыркүйекте Тараз қаласының полиция қызметкерлерімен құрылысы бітпеген ғимараттардың арасынан 2 қаптағы 8 дана атыс қаруы анықталып (Вепрь-223, ТОЗ-97, ТОЗ-34Р, Вепрь-КМ, Сайга, Байкал), полиция департаментінен ұрланған 2 Калашников автоматы және 1 оқжатар, 240 партондарымен, сонымен қатар 12 калибрлі қарудың 50 патроны алынған.
30 қыркүйекте Тараз қаласы Талас өзенінің жағасынан бұрын полиция департаментінің қоймасынан ұрланған екі револьверлік гранатомет және ойық ұңғылы «Сайга» карабині табылды.
19 қазанда Тараз қаласының криминалдық полиция қызметкерлерімен басқарманың заттай дәлелдемелерді сақтау қоймасынан ұрланған аңшы қаруы, «Анна-12» дүкенінен ұрланған екі аңшы мылтығы, сүңгі пышағы және 30 дана патрон анықталып, тәркіленді.
26 қазанда Талдықорған қаласының шетіндегі суқойма маңынан 5.6 калибрлі шолақ мылтығы, нөмірлері өшірілген «Сайга» карабині, екі сигналдық револьвері, қол кісендері және 90 дана әр-түрлі калибрлі патрондар салынған қапшық табылған.
3 қараша Алматы қаласы Рыскулов даңғылы мен Оңғарсынова көшесінің қиылысында, оқжатарымен бірге Калашников автоматы, 12 калибрлі «Байкал» аңшы мылтығы, қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған аңшы шолақ мылтығы, жарық-дыбыс шығаратын граната, пневматикалық тапанша, оқ өткізбейтін кеудеше, резеңке таяғы, сонымен қатар 58 дана әр-түрлі калибрлі патрондар салынған сөмке табылған.
Өкінішке орай, қазіргі таңда «қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған 2026 дана қарудың (1257 дана азаматтық, 621 дана табельдік, 155 дана травматикалық, газды және сигналды тапаншалар) қай жерде екені белгісіз, – деді спикер.
Қаруларды табуға бағытталған жұмыстар жалғасуда.