Halyq Uni логотип
×

Орташа жалақы 1 млн теңге болуы керек – Тұрсынбек Өмірзақов

Экс-депутат қазақстандықтардың барлық несиесін кешіру керек дейді

 Халық үні 07.11.2022 | 15:43
Орташа жалақы 1 млн теңге болуы керек – Тұрсынбек Өмірзақов
Коллаж: Halyq Uni

Экс-депутат, кәсіпкер Тұрсынбек Өмірзақов қазақстандықтардың орташа жалақысы 1 млн теңге болуы тиіс деп есептейді. Бұл туралы ол «Сұрауы бар» youtube арнасының подкастында айтты.

«Дүние жүзіндегі мұнайлы компаниялар жұмыскерлеріне 10 мың доллар жалақы төлейді. Металлургтер 3-5 мың доллар алуы тиіс. Біз мұнайды әлемдік бағамен сатамыз, әлемдік деңгейдегі кірісіміз бар. Бірақ азаматтарымызға әлеммен тең жалақы бермейміз. Мұнайшылардың жалақысы 5 млн теңге болуға тиісті. Ол ақшаның барлығы салық түрінде үкіметке қайтып келеді. Орташа жалақы 1 млн теңге болуы тиіс» – дейді кәсіпкер.

Ұлттық банк өкілі Асан Қалиахмет, депутаттың бұл ұсынысын «қызыл сөз» деп бағалады.

Орташа жалақыны күштеп белгілеу мүмкін емес. Миллион теңге жалақы төлеу үшін ол адам миллион теңгенің тауарын өндіруі тиіс, – деген Асан Қалиахмет қазақстандықтардың несие мәселесі туралы да айтты. 

«1 қазандағы мәлімет бойынша банктердің несие портфелі 22 трлн теңгеден асады. Оның ішінде жартысына жуығы бизнестің несиесі, 12 трлн теңге жеке азаматтардың қарызы. Оның ішінде 4,5 трлн теңге шамасындағы ипотекалық қарыз және 7 трлн-ға жуығы тұтынушылық қарыз. Бұл енді кепілсіз алынған несиелер. Бұл ақшалай және заттай алынған несие» – деді бас банк өкілі.

Оның айтуынша, 12 трлн-ның 11 трлн-ы уақытылы өтеліп жатқан қарыз. Яғни қазақстандықтар алған кредиттің 90%-дан астамын уақытында жауып отыр. Ал тоқсан күннен артық төленбеген қарыз көлемі 453 млрд теңге. 

Осы орайда, Тұрсынбек Өмірзақов қазақстандықтардың барлығының несиесін кешіру керек деген ұсыныс айтты.

«Тұтынушылық несиелерді кешіру керек. Адамдар оны жақсы болғансын алып отырған жоқ. Сомасына қарамай, қанша қарыз болса сонша кешірілуі керек» – деді экс-депутат

Серіктес жаңалықтары

Сараптама