«Бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орны тоқтап тұр»: Тоқаев Маңғыстау жұртымен кездесті
Президент Үкіметке және әкімдікке барлық жобаның уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барып, өңір жұртшылығымен кездесті. Президент өңірде жұмысы тоқтап қалған өндіріс орындарына тоқталды.
«Облыста соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр. Бұл жағдай жұмыссыз қалған азаматтар арасында наразылық туғызғанын жақсы түсінемін. Үкімет осы өндірістерді жандандыру үшін тиімді шараларды шұғыл түрде қабылдауға тиіс. Қажет болса, жаңа өнім шығару үшін нарықтың сұранысына сай бейімдеу жолдарын қарастыру керек», - деді Президент.
Сонымен бірге, Тоқаев Үкіметке бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашуды тапсырып, 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыр жоспарланып отырғанын жеткізді. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.
Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді Тоқаев.
Облыста соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32 пайызға жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.
«Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны қуантады. Яғни, облыс экономикасы әртараптана бастады деуге болады. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіпкермін» жобасы тың серпін берері анық.
Сондай-ақ, «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында осы аймақтың шағын және орта бизнес өкілдеріне көмек көрсетілуге тиіс. Жалпы, әкімдік Үкіметтің қолдауымен бизнесті ынталандыратын жаңа шаралар әзірлеуі керек», - деді Тоқаев.