AMANAT партиясының Петропавлдағы кеңсесі екі күннен бері сусыз отыр
9 қабатты тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысанға су берілмеді
Петропавлда 6 қарашада құбыр жарылды. Салдарынан 14 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары мен 5 әлеуметтік нысан сусыз қалды. Төтенше жағдай күндіз сағат 15:00 шамасында болған.
Мағжан Жұмабаев пен Абай көшелерінің қиылысындағы магистраль тесіліп, аққан су бірнеше көшеге жайылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Апат салдарынан қалада су қысымы азайтылды. Ал бірнеше тұрғын үйге суды «Қызылжар су» коммуналдық кәсіпорны арнайы көлікпен тасымалдауға мәжбүр. Олар:
- Интернациональный к., 29
- Интернациональный к., 30
- Интернациональнйы к., 31
- Интернациональный к., 33
- Жұмабаев к., 101
- Жұмабаев к., 105
- Жұмабаев к., 107
- Жұмабаев к., 111
- Жұмабаев к., 116
- Букетов к., 14
- Букетов к., 16
- Букетов к., 18
- Абай к., 25
- Н. Назарбаев к., 126.
Мамандардың айтуынша, ақау 7 қарашада анықталды. AMANAT партиясының кеңсесі, Қозыбаев атындағы СҚУ бассейні, бизнес орталық және 9 қабатты тұрғын үй мен Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж ғимаратына әлі су берілмеді.
Апат болған учаскеде қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған 10 арнайы техника мен отызға жуық адам жұмылдырылған.
«Аталған учаскедегі құбырды қайта қалпына келтіру жұмыстары 2009 жылы жүргізілді. Ақау шыққан жерді табу өте қиын болды. Оны арнайы роботтың көмегімен анықтадық. Үш бригада түні бойы тоқтаусыз жұмыс істеді. 14 үйдің 13-іне қазір су берілді. Қазір тек 9 қабатты тұрғын үй мен бірнеше әлеуметтік нысан сусыз отыр. 7 қараша түнге дейін жағдайды қалпына келтіреміз деп жоспарлап отырмыз», - дейді «Қызылжар су» ЖШС атқарушы директоры Арман Сауытов.