Ақтауда құрылысы аяқталуға жақын тұрғын үй бұзылады: салымшылар сот шешіміне қарсы шықты
Тұрғын үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Жоспар бойынша 12 қабат болуы керек, қазірге дейін сегіз қабаты тұрғызылған
Ақтауда жаңадан салынып жатқан тұрғын үйге қатысты дау шықты. Әкімдік бастапқыда №17 шағын ауданында үй салуға рұқсат берген. Кейін жеке компания жүргізген құрылысты заңсыз деп таныған. Сот үкімі шыққан соң нысанның құрылысы тоқтатылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот салынып жатқан нысанды сүріп тастау туралы шешім шығарған. Ал баспаналы болу үшін алдын ала ақша төлеген алпыстан астам салымшы жағдайға алаңдап отыр. Жағдай ушыққан соң салымшылар Ақтаудағы құрылыс алаңына жиналды.
«Әлем тауерс» компаниясының өкілдері құрылысты бастамастан бұрын барлық құжатын реттегенін алға тартты. Компания директоры Арман Жұбановтың сөзінше, эскиздік жобаны өңірдің бас сәулетшісі мақұлдап, қол қойған. Ол заңды құжат болмаса, үйді салу мүмкін емес екенін айтады. Соған қарамастан, әкімдік қызметкерлері құжатын кері қайтарған.
«№17 шағын аудандағы 91/1 үйдің эскиздік жобасын жасап, барлық жауапты басшы қолын қойған соң заңды рұқсат алдық. Үйдің жобасы жасалып, келісімшарт қолға тиген еді. Үйдің жоспары да алдын ала әкімдікпен келісілді. Құрылыс басталмай тұрып осы құжатқа қол жеткіздік. Жердің аумағы 0,34 гектарды құрайды. Құрылысты 2021 жылы бастадық. Болашақта 12 қабатты үй болуға тиіс еді. Қазір 8 қабатын салып үлгердік. Егер заңсыз болса, неліктен қазірге дейін бізге келіп ешкім ескерту жасамады?», - дейді мердігер мекеменің басшысы Арман Жұбанов.
Оның сөзінше, жаңа нысанда 144 пәтер болады. Оның ішінде 63 сатып алушы алдын ала ақшасын төлеген.
«Наурызда құрылысқа байланысты сот өтті. Біз құжатты рәсімдегенде бұл жерге қатысты акті алғаннан кейін су, тоқ, кәріз жүйесіне рұқсат берілді. Ғимараттың сәулет дизайны жасалды. Эскиздік жобаға құжат тапсырған соң, оны қаланың бас сәулетшісі өзі бекітті. Кейін олар өз тарапынан бізге ескертпестен барлығын жойып жіберген. Біз одан хабардар болмадық. Ол кезде құрылысты бастап кеткенбіз. Облыста мемлекеттік құрылысты бақылау деген мекеме бар. Олар бізге ескертпестен сотқа беріп отыр. Сот біздің құрылысты заңсыз деп таныды. Қазір апелляцияға беріп жатырмыз. Заң бойынша эскиздік жоба құрылыс аяқталмай күшін жоймауы керек. Олар бізге құжатты толық жинамаған деп уәж айтады», - дейді Арман Жұбанов.
Ал құрылысы жүріп жатқан нысанға алдын ала қаражат төлегендердің арасында пәтерін сатып, ақшасын жаңа пәтер үшін төлегендер де бар. Межелі уақыт жеткеніне қарамастан баспанаға қолы жетпеген олардың көбі пәтер жалдауға мәжбүр.
«2021 жылдың маусымында осы үйден пәтер алу үшін 27 миллион теңге төледік. Шарт бойынша 140 шаршы метрлік 4 бөлмелі пәтер алуымыз керек. Бізге баспана жоспар бойынша 2022 жылдың желтоқсанында берілетіні айтылды. Бірақ құрылыс тоқтап тұр. Қазір жолдасым екеуіміз 5 баламен бірге 120 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатырмыз», - дейді Гүлзира Тәңірбергенова.
Жаңа үйге ақша салғандардың бірі – Нұргүл Амур. Ол жағдай шиеленіскен соң жаңа пәтерден күдерін үзген. Ол үш бөлмелі пәтерге төлеген ақшасын қайтарып беруді сұрап отыр.
«Осы құрылыстан 3 бөлмелі пәтер үшін 26 миллион теңге төледім. Шарт бойынша 114 шаршы метрлік баспана беріледі. Қазіргі жағдайдан кейін ақшамды қайтарып алсам деп отырмын. Себебі бұл үйден баспана алғым келмейді. 2021 жылдың қыркүйегінде ақшаны төлегенде биыл мамырда құрылыс аяқталады деп айтқан еді. Алайда біз сот туралы қыркүйекте бір-ақ білдік. Алғашқы сот мамырда өткен екен. Сот үкімімен таныстық. Үйдің құрылысын заңсыз деп тауып, бұзуға үкім шығарып отыр. Әзірге бізге тек құр уәде ғана беріп отыр», - дейді салымшы Нұргүл Амур.
Салымшы Ұзақбай Сейфолла биыл жазда тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер алу үшін ақша салған.
«Компания өкілдері құжат бойынша бәрі дұрыс, пәтер уақытында беріледі деген соң еш күмән болмады. Қазір сот процесі жүріп жатыр екен. Сот басталғаны туралы компания бізге ертерек айтқан жоқ. Менен де басқа 60-қа жуық салымшы бар. Олардың әрқайсының өзінің проблемасы бар», - дейді үлескер Ұзақбай Сейфолла.
Бес бөлмелі пәтер алу үшін қарызданып, ақша салғандардың бірі – Гүлсара Жұманиязова.
2021 жылдың қаңтары осы компанияға келіп, бес бөлмелі үй алу үшін ақша салдым. Ай сайын 540 мыңнан төлеп отырдым. Шамам келмеген тұста қарыз сұрап, несие алдым. Осыған дейін 18 миллионнан астам қаржы құйдым. Алайда құрылысқа қатысты заңсыздықтың шеті шығып, келесіз жағдай болғанын күзде білдік. Соттың үкімі баршамызды алаңдатып отыр, - дейді Гүлсара Жұманиязова.
Маңғыстау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы құрылысқа қатысты қысқа жауап берді.
«Құрылыстың қандай да бір сапасына жауап бере алмаймыз. Бұл нысанда авторлық та, техникалық қадағалаушы мамандар жоқ. Сол себепті біз бұл үйді өз бетінше салынған құрылыс нысаны деп танып, сотқа тиісті талап арыз жолдадық», - дейді басқарма басшысы Дәурен Өтепқали.
Ал құрылыс компаниясының заңгері Дархан Албытов бастапқыда рұқсат беріп, кейіннен оны жоққа шығарған мемлекеттік мекеменің әрекетін заң бойынша қарайтынын жеткізді.
«Эскиздік жобада архитектор оны заңсыз деп танып отыр. Бірақ оның нақты жауабын әлі алған жоқпыз. Әкімшілік рәсімдік кодексіне сәйкес, мемлекеттік мекеменің іс-әрекетін заң бойынша қараймыз. Әкімшілік талап бойынша біздің бұған құқымыз бар. Біз бұл туралы тек қыркүйекте ғана білдік. Ол уақытта соттың шешімі жарияланып кетті. Соттың шешімі шыққанын алты ай бойын тараптар білмеген», - дейді заңгер Дархан Албытов.
Қазір әкімдік құрылыс компаниясына үйдің құжатын жинап өткізуді талап етіп отыр. Құжат реттелсе, арызданушы тараптың ұсынысы бойынша үйді сүріп тастау туралы шешім өзгеруі мүмкін.
Мәдина Керімқұл, Маңғыстау облысы