Оралда шетелдіктерге үйлерін заңсыз жалға берген тұрғындар жазаланды
Келушілерден табыс тауып, салық төлемей жүрген 70 қазақстандық анықталды
Орал қаласының тұрғындары шетелдіктерге заңсыз баспана бергені үшін жазаланды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі astanatv.kz арнасына сілтеме жасап.
Орал қаласында қазақстандық заңнаманы бұзған пәтер иелері полицейлер жүргізген рейд барысында анықталды. Дегенмен Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, мұндай фактілер жиі жасырын түрде хабарланады.
Еске сала кетсек, Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Оралға 70 мың шетелдік келген. Осыған байланысты қалада тұрғын үйді жалға алу, жолаушыларды тасымалдау екі есеге қымбаттады.
Келушілерден табыс тауып, салық төлемей жүрген 70 қазақстандық анықталды. Сот шешімімен 5 адам 45 000 теңге айыппұл төледі.
Аталған салық төлеушілерге әкімшілік материалдар жасалып, сотқа жолданды. Сондай-ақ, бұл құқық бұзушыларға ӘҚБтК-нің 463-бабына сәйкес 15 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын хабарлаймыз, – деп мәлімдеді БҚО бойынша Мелмекеттік кірістер департаментінің бас маманы Абылай Малаев.
Арнаның мәліметіне сүйенсек, Оралда екі жарым мыңға жуық орыс ұлтының өкілі тұрақты тұруға қалған. Шекарадағы жағдай тұрақтанып, тұрғын үй бағасы арзандады. Пәтерді ай сайынғы жалдау ақысы қазірдің өзінде 50-ден 100 мың теңгеге дейін. Дегенмен баспананы заңсыз жалға беру мен заңсыз тасымалдаушыларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.