Halyq Uni логотип
×

Былтыр ғана салынған мектеп апаттық жағдайда тұр

Мектеп құрылысына 3 млрд теңге жұмсалған

 Айнұр Шошаева 05.11.2022 | 09:48
Былтыр ғана салынған мектеп апаттық жағдайда тұр
Коллаж: Halyq Uni

Алматыдағы №202 мектеп гимназиясының қабырғалары жарылып жатыр. 3 млрд теңге бюджет қаржысына салынған бұл мектеп 2021 жылы қабылданған болатын, деп хабарлайды Halyq Uni

«Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, 1200 оқушыға есептелген мектепті салуға 3 млрд теңге жұмсалған. Алайда бір жылдан соң, жаңа ғимараттың қабырғалары жарылып кеткен. 

Бұл мектеп 2021 жылдың қаңтарында қабылданды, ол үшін бюджеттен 3 014 896 820 теңге төленді. Екінші оқу жылы ғана өтіп жатыр, бірақ жағдай қазірдің өзінде қауіпті. Қабырғадағы жарықшақты жай ғана кабельді каналмен жауып тастапті. Мен мұндай тәсілді бірінші рет көріп отырмын. Жарықшақ бүкіл ғимарат бойымен жүреді және кейбір жерлерде шамамен 10 сантиметрді құрайды. Бір сөзбен айтқанда мектеп құлап жатыр, – деді ол. 

Қоғамдық ұйым жасаған сараптама нәтижесінде сметада көрсетілген сома мен іс жүзінде жұмсалған қаражат айырмашылығы 100 млн теңгеден артық екені анықталды. Атап айтқанда, сметадан көрсетілген кейбір құралдар мен техникалар болмай шықты. 

Уәкілетті органдар құрылыс сараптамасын жасап, нысанның апаттық жағдайда тұрғанына көз жеткізуі керек. Біз бұл мәселе туралы бірнеше айдан бері айтып келеміз. Алайда Антикор да, аудит департаменті де мәселені елемей отыр, – дейді Дидар Смағұлов. 

Айта кетейік, «Әділдік жолы» РҚБ-ның тапсырысымен «Standart-Аudit»ЖШС аудиторлық компаниясы осы мектепке тексеріс жүргізіп, нысынды қабылдап алу актісінде көрсетілген мүліктер мен олардың бағасындағы айырмашылықты анықтады. Атап айтқанда, мектеп құрылысының сметалық құжатында 27 678 505 теңгеге әр данасы 178 571 теңге болатын 155 жеке компьютер сатып алу көзделген. Алайда актіде 57 912 120 теңгеге 236 376 теңге тұратын 245 компьютер алынғаны белгілі болды. Айырмашылық 30 233 615 теңге. 

Сондай-ақ 35 474 088 теңгеге құны 529 464 теңге тұратын 67 интерактивті тақта алынады деп жазылғанымен, іс жүзінде 2 645 461 теңгенің 30 тақтасы алынған. Актідегі сәйкессіздік – 43 889 742 теңге. Бұдан бөлек, ноутбук, шкаф, лифт пен өрт сөндіру құралдарының саны мен бағасы сметалық құжаттағы сандармен сәйкеспейді. Аудит мектептің спорт залының едені жоспарланған ағаштың орнына бетон мен линолеуммен жабылғанын көрсетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама