Жобаның құны – 673 миллион теңге
Батыс Қазақстан облысында Орал қаласынан 40 шақырым жердегі Ұзынкөл ауылының тұрғындары қар жауғалы облыс орталығына қатынай алмай қалды. Бес күннен бері тұрғындар қалаға бара алмай отыр. Себебі ауылға кіреберістегі алты шақырым жол жөндеуге жеті ай бұрын жабылған. Құрылыс кезінде тұрғындар үшін айналма жол дайындалмаған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Ауыл тұрғындарының 70 пайызы қалада жұмыс істейді. Жеті ай бұрын құрылысты «ДКС Приоритет» ЖШС бастаған. Жобаға алдымен 351 миллион теңге бөлінген. Кейін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жоба құны 673 миллион теңгеге жеткен.
АУЫЛ ӘКІМІ АЗЫҚ-ТҮЛІК ЖЕТКІЗІП ЖҮР
Ұзынкөл ауылында 863 адам тұрады. 3 қарашада тұрғындар ауылдағы мәдениет үйінде қаламен қатынас мәселесін талқылауға жиналды. Жиынға Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Досанов пен мердігер «ДКС Приоритет» ЖШС директорының орынбасары Жарас Ахметов қатысты.
«Жол құрылысы сәуірде басталса да, әлі аяқталмады. Қазір балшықтан тек Нива мен УАЗ көлігі ғана өте алады. Тұрғындар қаладағы жұмысына жете алмай қалды. Қатынап оқитын студенттер де бар. Денсаулығы нашар қария көп, емханаға баруы керек. Ауыл әкімі кеше аяғы ауыр екі әйелді ауруханаға жеткізді. Ауылға күнделікті қажетті нан мен азық-түлікті ауыл әкімі қызметтік Нива көлігімен тасып жүр. Мердігер жол құрылысын биыл аяқтай алмайтын болса, ауылға дейінгі бұрынғы жолды бірден түгел қырып тастамай, кезек-кезек істеуі қажет еді. Жұмыс қарқынын көріп, аяқталмай қалуы мүмкін екенін тамыздан бастап айтып келемін. Ешкім тыңдамады», - дейді ауыл тұрғыны Есенгелді Захарұлы.
АЙНАЛМА ЖОЛ САЛСА, ЖОБА ҚЫМБАТТАЙДЫ
Теректі ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Досановтың айтуынша, жобалық-сметалық құжатта айналма жол салу қарастырылмаған. Оның айтуынша, уақытша айналма жол салатын болса, жоба құны 673 миллион теңгеден асып кетеді.
Ауыл тұрғындары бұл қиындыққа жобаға тапсырыс беруші жауапты екенін айтады.
Жоба 2022-2023 жылдары жүргізіледі деп көрсетілген болса, ауыл тұрғындары екі жыл бойы қай жолмен жүреді? Неге халықтың жағдайын ойламайды? Неге ауыл тұрғындарымен бірлесіп талқыланбайды? Қоғамдық талқылау неге өтпейді?, - дейді жиналған ауыл тұрғындары.
Мердігер «ДКС Приоритет» ЖШС директорының орынбасары Жарас Ахметовтің айтуынша, шілдеде материал тапшылығы салдарынан бес күн ғана жұмыс істелген. Жол құрылысы тамызда басталып, қыркүйекте битум болмай тоқтап қалған.
«Битум тек облыста емес, елде тапшы болды. Қазанда жұмыс жалғасты. Қазір қажет материалдың бәрі бар, тек ауа райы қолайсыз болып тұр. Айналма жол жобада қарастырылмаған. Бұл сұрақ басынан көтерілді. Жобада келісілмеген болса, айналма жол сала алмаймыз. Шаруа қожалығының жеріне рұқсатсыз қалай жол саламыз? Бізге түрлі орган айыппұл салады», - дейді Жарас Ахметов.
«АЯҚТАЛМАҒАН ЖОЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛМЕЙДІ»
Қазірге дейін ауылдан күре жолға дейінгі аралықтағы алты шақырымның бір шақырымына ғана асфальт төселген. Екі шақырымға қиыршық тас (щебень), үш шақырымға ірі құм (гравий) төселген.
Ауыл тұрғындары жолға қиыршық тас төгіп, уақытша пайдалануға беруді ұсынды.
Бұған Теректі ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қарсы шықты.
Қазіргі күйінде пайдалануға берсек, салынып жатқан жолдың осыған дейін дайындалған бөлігі бұзылады. Кейін оны қалпына келтіруден мердігер бас тартуы мүмкін. Мәселе сотпен шешіледі, ал жол құрылысы 2-3 жылға созылып кетеді, - дейді ол.
Қайрат Досанов ауылда жол талғамайтын көліктерден кезекшілік ұйымдастырып, уақытша қиындыққа шыдай тұруды сұрады. Бұған ауыл тұрғындары келіспеді.
МЕРДІГЕР ЕКІ АЙ УАҚЫТ СҰРАДЫ
Қазір ауыл тұрғындары жол жоқ жер арқылы қалаға қатынап жүр. Кей жер балшық болғандықтан, жол талғамайтын көліктің өзі әрең өтеді. Мердігер компания өкілдері балшықтың үстіне қиыршық тас төсеуді ұсынды. Ал ауыл тұрғындары мұның ақылға сыймайтын ұсыныс екенін айтып, тастың балшыққа сіңіп кететінін жеткізді.
Ал айналма жол 8-9 шақырымға созылады. Оған қиыршық тас төсеу де шығын болады.
Шыдамдылық танытып, бізге екі ай уақыт беріңіздер. Ауа райы қолайлы болса, асфальт төсеп үлгереміз, - дейді мердігер.
Ауыл тұрғындары қар жауған соң төселген асфальттың сапасына да күмәнмен қарайды. Олар бөлінген қаржыны тиімді жұмсап, жолды сапалы етіп салуды сұрады. Тұрғындар әлі аяқталмаған жолды қыста пайдалануға беріп, жол құрылысын келесі жылы жалғастыруды ұсынды.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомар Тоқаев Қазақстан халқына жолдауда 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кем дегенде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма берген.
Бұл мәселені Үкімет тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.
Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс, деді президент.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы