Halyq Uni логотип
×

Атыраулықтар дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызына пәтер сыйлады

Дзюдошы Әбиба Әбужақынова мен оның жаттықтырушысына құрмет көрсетілді

 Дастан Жұмабекұлы 04.11.2022 | 13:49
Атыраулықтар дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызына пәтер сыйлады
фото: «Спорт жұлдыздары» журналы

«Спорт жұлдыздары» журналының тілшісі Асылбек Абулғазиевтің айтуынша, Атырау қаласында бір топ спорт жанашырлары, спортшылар мен жаттықтырушылар бас қосып, дзюдо күресінен қазақ қыздарынан шыққан әлем чемпионатының тұңғыш қола жүлдегері Әбиба Әбужақынова мен оның жаттықтырушысы Мейіржан Есмағамбетовке құрмет көрсетті.

Әбиба Әбужақыноваға 48 келіде Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлдені жеңіп алып, ел мерейін асырған болатын. Арада 15 күн өткенде Әбиба өзінің мықты екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, БАӘ-де өткен «Үлкен дулыға» турнирінде сол жетістігін қайталады.

Жалпы, биылғы жыл Әбибаға өте табысты болды. Осының алдында қыркүйек айында Астанада өткен Азия чемпионатында ол ел қоржынына күміс жүлде салып, Азияның екі дүркін күміс жүлдегері атанып еді.

Дзюдошы 1997 жылы Ташкент облысының Шыршық қаласында  туған. Бала кезінен көркем гимнастикамен айналысыпты. Алайда, бір жылдан соң 11 жасында дзюдо үйірмесіне барып, Өзбекстанда тұратын қазақ Бақытжан Жұмановтың қол астында жаттыққан.

2014 жылы дзюдошы қыздың отбасы Шымкент қаласына қоныс аударады. Сосын Әбиба Алматыдағы республикалық спорт колледжіне қабылданып, Алматы облысының атынан жарыстарға қатысады. Енді міне, 2019 жылдан бері Атырау облысы атынан сынға түсіп келеді.

Атырауда дзюдошы қыздың құрметіне жайылған ақ дастарханға облыстағы атақты спортшылар мен спорт жанашырлары түгелге жуық жиналып, ақ баталарын берсе, жергілікті кәсіпкерлер Әбибаға Атырау қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Мейіржан Есмағамбетовке тұлпар мінгізді.

«Спорт жұлдыздары» журналы Атырау филиалының директоры, джиу-джитсудан екі дүркін әлем және Азия чемпионы Тыныс Бисалиев бас редактор Мұсағали Тасқалиевтің атынан батыр қызға қазақ спортының саңлақтары туралы жазылған «Ұлы дала батырлары» кітабын сыйға тартты. Одан кейін  Әбибаның бапкеріне қазақтан шыққан Кеңес одағының батырлары туралы Пернебай Дүйсенбин мен Мұсағали Тасқалиевтің бірігіп жазған «Ұлт батырлары» кітабын тарту етті.

Әбибаның ендігі басты мақсаты – Париж Олимпиадасында ел намысын абыроймен қорғау.

Кешке жиналған атыраулық спортшылардың барлығы қазақтың батыр қызына «Олимпиада чемпионы бол!» деп батасын берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама