«Арселордағы» кезекті апат: 16 жылда 114 кенші қаза тапты

Айнұр Шошаева

«Ленин» шахтасына маусым айында ғана тексеру жүргізілген

Коллаж: Halyq Uni

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның көмір кеніштерінде 10-нан астап ірі апат болып, салдарынан 150-ден астам адам қаза тапты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі. 

3 қарашада Қарағанды облысындағы «Ленин» шахтасында кезекті рет апат болды. Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, газ шыққан кезде шахтада 106 адам болған. 101 кенші жер бетіне көтерілген. Ал көтеру құрылғысының жұмысын қамтамасыз ету үшін 5 адам қалды. Қазір оқиға орнында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, қала әкімі, компания басшылығы, апаттық-құтқару қызметі жұмыс істеп жатыр.

Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 277-бабы («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин аттанды. Онда ол құрылған комиссияны басқаратын болады.

ТЕКСЕРУ АЯҚТАЛҒАНША ЖҰМЫСЫН ТОҚТАТАДЫ

Бүгін компанияға қарасты 8 шахта жұмысын тоқтатты. Оның 7-еуі бір күннен соң жұмысын жалғастырады. Ал «Ленин» шахтасы апаттың себебін анықтау бойынша комиссия тексеруді аяқтаған соң жұмысын қайта бастайды. Бұл туралы аталған апатқа байланысты баспасөз мәслихатын өткізген Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. 

Қаза тапқан кеншілердің отбасыларына барлық материалдық-әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Одан бөлек, ұжымдық келісім аясында ол кеншілердің 10 жылдық еңбекақысы отбасына төленеді. Сонымен бірге несиесін өтеу, балаларын оқыту шығындары өтеледі. Бұдан бөлек, биылдан бастап ұжымдық келісімде зардап шеккендердің отбасыларына қосымша баспана алып беру туралы норма бар, – деді Жеңіс Қасымбек. 

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, маусым айында ғана ведомство тарапынан «Ленин» шахтасында тексеру жұмыстары жүргізілген. 

«Анықталған бұзушылықтар шахтаның жұмысын тоқтатуға әсер еткен жоқ. Оның бір бөлігі тексеру кезінде жойылды, ал қазір апат болған аймақта ешқандай бұзушылық болған жоқ», –  деді министр.

«БАСШЫЛЫҚТЫҢ МОРАЛЬДЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК АЛАТЫН ТҮРІ ЖОҚ» 

Биыл маусым айында мәжілістің бір топ депутаты «АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы апаттың жиілеп, жұмысшылардың өлімі көбейгенін айтып мәселе көтерген болатын.
Атап айтқанда, Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған мәжілісмендер соңғы 10 жылда компанияға қарасты «Абай» шахтасында 20-дан астам апат болғанын және соның салдарынан 41 жұмысшы зардап шеккенін атап өтті. 

16 жыл ішінде шахталарда 109 адам қаза тапты. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да металлургиялық комбинат пен көмір шахталарының өндірістік кешенін тиісті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шараларды қаржыландырмау салдарынан авариялылық пен өндірістік жарақаттанудың ұлғаю проблемасы көбейіп келеді. Еңбек қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралар орындалмайды. Көптеген проблемалар кадрлық саясатпен байланысты, мұнда әртүрлі позицияларға шетелдік уақытша мамандар тартылады, – деп жазды депутаттар. 

Сондай-ақ мәжілісмендер отандық жұмысшылар мен шетелдік мамандардың жалақысындағы теңсіздікке де тоқталды.  

«Бұл ретте, апаттар мен жарақаттану жағдайларын тергеп-тексеруден кейін біздің инженерлік-техникалық қызметкерлеріміз төтенше жағдайға жауапты болып қала береді. Олардың саны онсыз да персонал санын қысқарту салдарынан бірнеше есе азайып қалды. Кәсіпорынның бірінші басшылары өтемақы төлеп құтылып, асыраушыларынан айырылған отбасылардың алдында моральдық жауапкершілік алатын түрі жоқ. Біз шетелдік компанияның біздің азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығынан ақша үнемеуіне жол беруге болмайды деп есептейміз», – дейді депутаттар. 

Бұған қоса, олар Үкіметті тиісті шараларды қабылдап, Мәжіліске «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүргізілген техникалық аудиттің нәтижесін баяндауды талап етті. Сонымен бірге жүргізілген аудит негізінде комбинаттың апатсыз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті инвестиция көлемін анықтау және Л. Митталдан кәсіпорынның өндірістік базасын қалпына келтіруді талап етуді сұрады. Әрі мәжілісмендер Әлихан Смайловтан адам өлімімен аяқталған апат үшін кәсіпорынның бірінші басшыларының жауапкершілігін қарастыруды сұрады.

Премьер-министр Әлихан Смайлов бұл сауалға берген жауабында техникалық аудит жүргізуге қатысты Парламент пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің бюджет қаражатын тиімді жоспарлау жөніндегі ұсынымдарына сәйкес мониторингтің бұл түрі соңғы үш жыл ішінде жүргізілмейтінін атап өтті.