Журналист шілдеде қамауға алынды
Кәсіпкерді бопсалады деген күдік бойынша ұсталған журналист Махамбет Абжанды қамауда ұстау мерзімі екінші желтоқсанға дейін ұзартылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
«2022 жылдың 2 қарашасында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Махамбет Абжанға қатысты белгіленген күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін бір айға ұзартты», - деп жауап берді соттың баспасөз қызметі Halyq Uni ресми сауалына.
Айта кетейік, 2022 жылдың шілдесінде Махамбет Абжанның екі айға қамауға алынғаны хабарланды. Оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері ұстады. Агенттіктің хабарлауынша, Абжанды ұстауға кәсіпкерді бопсалағаны себеп болған.
Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы 4-бөлігі, 2-тармағы (аса ірі мөлшерде ақша бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғаны хабарланды.