Оның бұрын да ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды
Астанада 19 жастағы тұрғынды скотчпен байлап, тонап кетті деген күдікпен ер адам ұсталды деп хабарлады Polisia.kz.
Күдікті жәбірленушінің үйінде құрылыс жұмыстарын жасап жүрген. Жәбірленуші оны пәтерін жөндеу үшін жалдаған. Алайда жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін құрылысшыға ақысын бермеген. Төлемін ала алмаған жұмысшы агрессивті түрде әрекет еткен. Жігітті қорқытып, оны скотчпен байлап, IРhone 12 Pro Max ұялы телефонын және банк картасын алып кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 41 жастағы күдіктіні ұстаған. Ол ұрланған телефонды ломбардқа өткізіп үлгеріпті. Қазір тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Оның бұрын да елорда аумағында ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталып отыр.