«Бастықтарға беремін». Атыраулық полицей шетелдіктен пара алған

Еркеғали Болатұлы

Прокурор 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады

фото: ашық дереккөз

Сот пара беруге итермелeуге және алаяқтыққа айыпталған Атырау облыстық полиция департаментінің бұрынғы патрульдік полиция қызметкеріне қатысты үкім шығарды деп хабарлады «Ақ Жайық».

Полиция қызметкері Өзбекстан азаматынан көші-қон қызметі бөлімінен құжаттарын алып беремін деп 600 мың теңге алған. Ақшаны «бастықтарға беремін» деп, өзінде қалдырған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, жасырын бейнежазбалармен дәлелденді. Енді прокурор оны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Ал сотталушы мен қорғаушы тағылған айыппен келіспей, ақтау үкімін шығаруды талап етті.

Сот полицейді кінәлі деп танып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан және аға лейтенант шенінен айыра отырып, параның 30 еселенген сомасы – 18 миллион теңге айыппұл төлеуге үкім шығарды.

«Сот соттылығының болмауын жеңілдететін мән-жай ретінде, қабылданған антты бұзуын жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде таныды», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.