×

Алматы әкімі аялдамада автобусты жарты сағат күтіп қалған

Қалада 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алынатын болды

 Динара Амантай 03.11.2022 | 12:33
Коллаж: Halyq Uni

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаладағы аяладамалардың бірінде автобусты 33 минут күткенін айтып, қозғалыс аралықтарын қысқарту үшін қосымша 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алатынын жеткізді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала басшысы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу барысында тұрғындардың бірі Тимирязев көшесінің бойындағы BRT желілерін шеткі оң жақ жолаққа көшірмеуді сұрады. Осыған байланысты әкім BRT желілерін неліктен өзгертуді жоспарлап отырғанын түсіндірді.

Мен мұны жаман деп айтпаймын. Алайда мені біреулер барлық жамандық атаулыға кінәлі етіп қойды. Олар «Досаев BRT-ге салған 4 миллиард теңгені жерге көміп тастағысы келеді» дейді. Бірақ қалайда 5 жыл өткен бұл жобаның айқын мәселелері бар екені анық. Мұны тіпті жобаны құрастырушылар да айтып отыр. Бес жыл өтсе де, жоба әлі аяқталмаған. Мысалы, ҚазҰУ аймағы басты қиындыққа тап болып тұр. Себебі жердегі жаяу жүргіншілер өткелі реттелмеген. Бұл көлік қозғалысына қиындықтар туғызады, кептеліс орнап отыр. Сондықтан проблемаларды шешу қажет: егер BRT іске қосылса, онда тиісті интервалдар, сәйкес жылжымалы құрам болуы керек және т.б. Бірақ қазір олай емес қой. Мен өзім арнайы №32 маршрут бойынша BRT-мен төмен түстім. Сол кезде аяладамада 33 минут күттім. Себебі 4 автобус маршрутқа шықпаған. Себебі бізде көлік қоры жоқ екен. Сондықтан келер жылы мәселені қалай да шешіп, қозғалыс аралықтарын қысқарту үшін қосымша 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып аламыз, –  деді қала әкімі.

Оның айтуынша, BRT желісінің проблемалары басқа жерлерде де бастан асады. Сондай-ақ Досаев автобуспен келе жатып, жолға қанша уақыт кеткенін есептегенін айтты.

«Мен №32 маршрут бойынша қанша жол жүргенімізді арнайы есептеп көрдім. Байқасаңыз, классикалық BRT тек Тимирязев – Байтұрсыновтан басталып, арнайы жолақ орналасқан жерге дейін жетеді. Ал бүгін автобустар жүретін оң жақ жолақта біз әр бағдаршамда тұрып қаламыз. Сондықтан проблемалар бар, оларды бірге шешуіміз қажет. BRT бойынша атқарылған жұмысты ешкім қоқыс жәшігіне тастайын деп тұрған жоқ. Дегенмен сарапшыларымыз соншалықты сыни көзқараста болмаса екен деймін. Менің түсінігімше, бұл мәселені айтқандардың өздері автобуспен жүріп көрмеген. Мен оларға қоғамдық көлікпен бір рет те болса жүріп көруге кеңес берер едім. Жеке көлігінің терезесінен бәрі басқаша көрінеді. Сондықтан қайталап айтайын, BRT мәселесін аяғына дейін жеткіземіз, бірақ оның қалай болатынын шеше жатармыз», – деп түйіндеді сөзін Ерболат Досаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама