×

Қаңтар оқиғасы: соттылық кімдерден алынатыны айтылды

Рақымшылыққа 1500 адам ілігеді

 Дәурен Ерболат 03.11.2022 | 12:08
фото: Halyq Uni

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев қаңтар оқиғасында қылмыстық теріс қылық, орташа ауыр және онша ауыр емес қылмыс жасағандардан соттылық алынатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Соттылық қылмыстық теріс қылық, орташа ауыр және онша ауыр емес қылмыс жасағандардан алынады, - деді ол Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Оның айтуынша, аса ауыр және ауыр қылмыс жасағандандардың сотталғаны туралы мәлімет базада сақталады.

«(Қаңтар оқиғасына қатысып, рақымшылыққа ілінгендерге қатысты – авт.) деректер базада сақталады. Қолданыстағы заңға сәйкес олар мемлекеттік қызметке, құқық қорғау органдарына жұмысқа алынбайды. (Сотталғаны туралы анықтамада – автор) рақымшылыққа ілінген деп тұрады», - деді Әсет Шындалиев.

Бас прокурордың орынбасары ауыр және аса ауыр қылмыстар қылмыстар бойынша сот үкімі шығуы керектігін, кейін оларға рақымшылық қолданылатынын жеткізді.

«Ал теріс қылық, ауырлығы орташа қылмыстар тергеу кезінде де қысқартылуы мүмкін... Қазір сотталғандардың арасында аса ауыр және ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде 100-ден аса адам отыр. Оның 95-і рақымшылыққа ілігеді», - деп түйіндеді сөзін ол.

Еске салайық, 2 қарашада Мемлекет басшысы «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама