Ауыз екі қазақ тілі клубы тұтас бірлестікке айналды
24 ақпандағы Ресейдің Украинаға басып кіруі Қазақстанда орыс тілінің қолданылу аясын тарылтып, қазақ тіліне сұранысты арттырады, дейді Алматыдағы Вознесенский соборының қызметкері Яков Воронстов әкей. Бұл туралы ол eurasianet басылымына берген сұхбатында айтты.
«24 ақпан үлкен соққы болды. Орыс әдебиетін жақсы білетін, семинарияда төрт жыл орыс философиясынан сабақ берген адам ретінде мен философиялық мифтер мен империялық қиялдың қаупін өте жақсы білемін. Орыс дүниетанымына терең бойлаған бұл құбыжық қазір өзіме және отаным – Қазақстанға қауіп болып төніп отыр», – дейді Яков әкей.
Әкейдің айтуынша, соғыс оның классикалық орыс әдебиетіне деген махаббатына әсер етпеді. Бірақ енді ол шовинизм мен милитаризм сипаты бар барлық нәрседен бас тартпақ.
«Мен қазақстандықпын және қазақша сөйлеймін», дейді шіркеу қызметкері. Тіпті ол әлеуметтік желіде Библия үзінділерін қазақ тілінде жариялап отырмақ. Қазір Яков өз бетінше қазақ тілін үйреніп жүр.
Жалпы, Украинадағы қарулы қақтығыстардан кейін Қазақстанда қазақ тіліне деген сұраныс айтарлықтай өсіп келе жатқаны байқалады. Басылымның мәліметінше, 24 ақпаннан бері Instagram желісіндегі Qazaq Grammar парақшасына жаңадан 5 мың адам қосылған.
Ресейдің басып кіргенінен кейін (Украинаға – ред.) бұдан былай әлеуметтік желіде тек қазақ тілінде жарияланым жасайтынын айтушы жастар көбейді. Ал тіл білмейтіндері енді үйренуге бел буып отыр. Қазақ тілінің етек жаюына соғыстың әсер еткені басында маған ыңғайсыз болды. Бірақ қазір қарап отырсам, шүкіршілік етуіміз керек екенін түсінемін. Соғыс қазақтар мен қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімін сергітті, – дейді Медиазона басылымына берген сұхбатында Qazaq Grammar негізін қалаушылардың бірі Нұрсұлтан Бағидолла.
Ақмолалық Алексей Скалозубов та әлеуметтік желіде бұдан былай қазақ тілін үйренетінін айтып жазба жариялады. Оның айтуынша, бұған дейін де қазақ тілін үйренуге бір рет тырысып көргенімен, нәтижесі ойдағыдай болмаған. Сағы сынбаған Алексей тағы бір мәрте байқап көрмек.
«Өзімнің қазақ тілін жақсы білетін құрбымнан ауыз екі қазақ тілі клубын құруға көмектесуін өтіндім. Ол келісе кетті. Twitter-де осындай клуб құрылатынын жазғанда ары кетсе 20 адам келер деп ойлаған едім, бірақ іс жүзінде 300 адам жиналды», – дейді Алексей.
Алексейдің бұл клубы ары қарай дамып, қазір «Батыл бол» деген тұтастай бір бірлестікке айналды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері балаларын бірінші сыныпқа қазақ мектебіне, ал қазақтар керісінше орыс мектебіне беріп жатқанын жазған едік.