Бас прокурор Берік Асылов: Мемлекетке 630 миллиардтан аса теңге қайтарылды
Қазынаға тағы 23 млрд теңге түседі деп жоспарланып отыр
Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов активтерді қайтару жөніндегі комиссияның мемлекетке қандай көлемде мүлік пен ақшаның қайтарылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Активтерді қайтару жөніндегі комиссия мемлекетке 630 миллиард теңгеден астам сомаға ақша мен мүлікті қайтарды. Прокурорлардың актілері бойынша кеден саласында бюджет 57 миллиард теңгеге толықты, мемлекет меншігіне 5 миллиард теңгеге 140 мың гектар жер қайтарылды», - деп хабарлады Бас прокурор.
Сондай-ақ соттарға құны 13,5 миллиард теңге тұратын мемлекеттік мүлікті қайтару туралы талап-арыз енгізілген.
«Жоғарғы сот 16 наразылықты қанағаттандырды. Олар бойынша қазынаға тағы 23 миллиард теңге түседі деп жоспарланған», - делінген ақпаратта.
Бас прокурор осы бағытта жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.