Көлікті рұқсатсыз жүргізген жасөспірімнің кесірінен жолаушы қаза тапты
Жүргізуші мен тағы кәмелетке толмаған екі балалар ауруханасына жеткізілді
1 қараша күні сағат 21.30-да «Тараз-Айша бибі» автожолының бірінші шақырымында жол апаты болды. 15 жастағы жасөспірім Айша бибі ауылынан Тараз қаласына бара жатып, көлікті дұрыс жүргізе алмай, жолдың қарсы жолағына шығып, автокөлікті ағашқа соққан. Көлікте онымен бірге тағы үш жасөспірім болған.
Жол апатынан 14 жастағы жолаушы оқиға орнында алған дене жарақаттарынан көз жұмды. Жүргізуші мен кәмелетке толмаған тағы екі жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алып, облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігімен (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеті) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар қажетті сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ, жасөспірімнің ата-анасының рұқсатынсыз үйден әкесіне тиесілі көліктің кілтін алғаны анықталды.