×

Петропавлда коммуналдық тариф бағасы өседі: әкімдік бұған тұрғындарды кінәлады

Жеке сектор тұрғындары тоғыз жылдан бері төлем жасамаған

 Самат Жақып 02.11.2022 | 17:35
Halyq Uni

Петропавлда жеке сектор тұрғындары қоқыс шығару қызметі үшін ақы төлемей отыр.

Шығынға батқан коммуналдық қызмет бұл аумақтағы тұрғындармен арадағы келісімшартты бұзуға мәжбүр. Азаматтар тек «Коммунхоз – Петропавл» ЖШС-ға 5 миллион 800 мың теңгеден астам қаржы қарыз, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Борышкерлердің басым бөлігінің Ойқала, Жұмысшы кенті және Былғары зауыты аудандары тұрғыны екені белгілі болды. Олар аталған кәсіпорынға атқарған қызметі үшін 2013 жылдан бері төлем жасамаған. Енді серіктестік басшысы 2023 жылдан бастап осы аумақтардан қалдықтарды шығарудан үзілді-кесілді бас тартпақ.

«2013 жылы осы үш ауданның тұрғындарымен келісімшарт жасасқан едік. Алғашында халық коммуналдық төлемді жасап отырды. Бірақ уақыт өте келе, өз ақшамызды ала алмай қалдық. Мәселен, қазір Былғары зауыты тұрғындарының 20 пайызы, Ойқала мен Жұмысшы кенті тұрғындарының тек 30 пайызы ғана төлем жасайды. Қалғаны қоқысты үйдегі пешке жағамыз деп, түрлі сылтау айтып ақшасын төлемей отыр», - дейді «Коммунхоз – Петропавл» ЖШС бөлім басшысы Мұхит Молдахметұлы.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ КЕСІРІНЕН ЖҮК КӨЛІГІ ӨРТЕНЕ ЖАЗДАҒАН

Жеке секторда тұратындар қоқыс жәшіктеріне рұқсат етілмеген қалдықтарды тастайды. Ескі жиhаз, қираған заттар, тіпті ағаш бұталарын да үйіп қояды. Осыған байланысты бірнеше рет түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ азаматтар оған құлақ аспаған. Ал жылыту маусымы басталған соң халық пештен шыққан күлді де сол жерге төгеді. Салдарынан қоқыс шығаратын жүк көлігінен өрт шыққан.

«Қазір біздің серіктестікте бар-жоғы төрт жүк көлігі жұмыс істеп тұр. Ауыр зат екенін білмей тиеп аламыз, оның кесірінен техника қирайды. Ал оны қайта жөндеу көп уақыт алады. Себебі оларға қосалқы бөлшек қалада жоқ. Тапсырыспен алдырамыз. Оның бағасы қымбат. Жалпы кейінгі 2-3 жылда жанар-жағармай бағасы өсті. Көлікті де жаңарта алмай отырмыз. Бұдан бөлек жұмысшылардың жалақысы бар. Халық қызмет үшін ақы төлемей қойды. Сондықтан шығынға баттық», - дейді Мұхит Молдахметұлы.

ТАРИФ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАУЫ МҮМКІН

Шығынға батып, тығырыққа тірелген «Коммунхоз – Петропавл» ЖШС жеке секторға қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Енді аталған аудандарда қоқыс шығарылмайды. Бұл жайында тұрғындар хабардар. Ал басқа компания бұл аудандарды өз қарамағына ала ма, жоқ па әзірге белгісіз.

Айта кетері, қазір Петропавл қаласында қоқыс шығарумен төрт компания айналысады.

«Мұның барлығы тұрғындардың жауапсыздығынан болып отыр. Ақы уақытылы төленбеген соң, кәсіпкерлер түрлі қиындыққа тап болады. Қазір қалалық әкімдікте қоқыс шығару тарифін көтеру мәселесі қарастырылып жатыр. Негізінен тариф бағасы облыс орталығында 2017 жылдан бері өзгермеген. Көпқабатты түрғын үйлерде оның бағасы – 215 теңге, ал жеке секторда ол 235 теңгені құрайды» , - дейді Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Әзірге коммуналдық тарифтің қанша қаншаға көтерілетіні белгісіз.

Айта кетері, бұған дейін Петропавл қаласында жеке сектордан бір айдан бері қоқыс шығарылмағаны хабарланды. Жағдай «Береке» ықшамауданында қиындаған. Бұл аудандағы мектепке дейінгі тәрбие беретін мекеменің айналасы қалдыққа толы. Коммуналдық қызмет көрсететін компания өкілдері контейнерді алып тастаса да, тұрғындар ол жерге әлі де қоқыс тастап жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама