Суицид жасаған сержант өліміне 3 адамның кінәлі екенін жазып кеткен
Өзіне қол салуына 6 қазанда шыққан бұйрық себеп болуы мүмкін
Алматыда өзіне қол салған екінші санаттағы сержант Ербол Мұсабалановтың туыстары оның өліміне кінәлілерді жазаға тартуды талап етті деп хабарлады 31 арна.
Жақындары мен достары Ербол Мұсабалановтың нағыз патриот болғанын айтады. Ол әскери қызметке 23 жылын арнаған. Өліміне де шыншылдығы себеп болуы мүмкін дейді туыстары.
Өз хатында ол «Менің өліміме Қабақов, Ілиясовты, екінші санаттағы сержант Мажитовты кінәлаңдар» деп жазған. Соңғы хатында дәл осы үш есімді көрсеткен, – деді марқұмның ағасы Уәлихан Жүсіпов.
Жалпы, ол басшылық тарапынан көрген қысым туралы жақындарына бірнеше рет айтқан. Жетіген әскери құрылымында жұмыс істегісі келмегендіктен, 3 ай бойы Алматыдағы басқа бөлімге ауыспақ болыпты. Құжаттарын жинағанмен, басшылары қол қоймаған.
Біз Боралдайдағы кадр бөліміне қоңырау шалдық. Ол «Маған ештеңе байланысты емес, басшы қалай дейді, солай болады» деді. Құжаттарын да өткізбей қойған. Кейін өзінен сұрамай, сыртынан Серебрянскқа ауысу туралы бұйрық шығарған, – деді Уәлихан Жүсіпов.
Жақындары Ербол Мұсабалановтың өзіне қол салуына да 6 қазанда шыққан осы бұйрық себеп болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені ол дәл сол күні көз жұмған.
Қайғылы оқиғадан бірнеше күн бұрын Мұсабаланов жақындарына әскери бөлімдегі жемқорлық туралы ақпарат сақталған қатты дисктің барын айтыпты. Ол туралы басқа адамдар да білсе керек, 11 қазанда туыстары тергеушімен бірге пәтеріне барғанда барлығы шашылып жатқанын көрген. Сыртқы блоктағы іздерге қарағанда, олардың балкон арқылы кіргенін аңғаруға болады. Ал қатты диск пәтерде болмаған.
Келісімшарт бойынша қызмет еткен екінші санаттағы сержант Ербол Мұсабалановтың өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 201-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша іс қозғалды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне қарай жария етуге жатпайды, – деді әуе қорғаныс күштері бас қолбасшысының орынбасары Әлім Ибраев.
Ал марқұмның жақындары әділ тергеу жүріп, істің барлық мән-жайы анықталатынына үміт артып отыр.