×

Петропавлда қалалық мәдениет үйінің төбесі опырылып түсті

Апат болған кезде ғимарат ішінде адам болмаған

 Самат Жақып 25.02.2022 | 12:50
коллаж: Halyq Uni

Петропавлда мәдениет үйінің шатыры опырылып түсті. Оқыс оқиға кеше кешкі сағат 20:00 шамасында болған. Зардап шеккендер жоқ.

Мәдениет өткен ғасырдың 30-шы жылдары халық игілігіне берілген. Осыдан 10 жыл бұрын нысанға көрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, белгісіз себептермен ол кезде де концерт залы төбесіндегі темір тіреулер ауыстырылмай қалған. Салдарынан былтыр маусым айында тіреулер майысты. Сол кезде төтенше жағдайлар қызметінің мамандары нысанға техникалық сараптама жұмыстарын жүргізді. Жауаптылар мәдениет үйін апатты деп танып, есігіне құлып салған.

Соған қарамастан, өнер ордасында жұмыс тоқтамаған. Мәдениет үйінің әкішілігі мұнда жүру қауіпті екенін біле тұра, артқы есіктен кіріп жұмыстарын жалғастыра берген. Тек қыркүйек-қазан айларында олар басқа ғимараттарға жайғастырыла бастады.

ҚАЗІР МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ҰЖЫМЫ АЙЫНА 600 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ҒИМАРАТ ЖАЛДАП ОТЫР       

Қазір қалалық мәдениет үйінде 27 шығармашылық ұжым бар. Мектеп жасындағы 500-ден астам бала түрлі үйірмелерге қатысады. Бұл іске БАҚ өкілдерінің араласуы арқылы қалалық мәдениет бөлімі бірнеше нысанды жалға алды. Қазір бұл мақсатқа бюджеттен ай сайын 600 мың теңгеден астам қаржы бөлінеді. Проблеманың туындағына 8 айдан астам уақыт өтті. Ал жұмыс сол күйі басталмады.

«Былтыр 14 маусымда біз мәдениет ошағының бес бірдей тіреуі майысқанын анықтадық. Қазіргі таңда балалардың үйірмелері мемлекеттік мекемелер арқылы жалға алынған нысандарда өтіп жатыр. Кеше сағат 20:10-де концерт залының шатыры құлап кетті. Іште ешкім болмаған, жапа шеккендер жоқ. 500 шаршы метр аумақ бүлінді. Жобалық сметалық құжаттар сараптамадан өтті. Қазір Петропавл қалалық әкімдігі облыстық мәдениет мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы мәслихаттың кезекті сессиясына күрделі жөндеу жүргізу үшін қаражат бөлу туралы өтініш берді. Кейін конкурс жарияланады. Бәрі дұрыс болса, наурыз айында жұмыстар басталуы мүмкін», - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.  

Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында жалпы саны 266 мәдениет үйі бар. Оның жиырмасы былтыр қалпына келтірілді, 23 нысан жөндеуді қажет етеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама