Астана қаласының әкімдігіне қарасты компания заңсыз қызмет көрсеткен

Динара Амантай

Мемлекеттік мекемеге заңбұзушылықтарды жою міндеттелді

Фото: Halyq Uni

Құрылтайшысы Астана қаласының әкімдігі болып табылатын «Өркен қала» ЖШС мемлекеттік бағдарламалар аясында заңсыз қызмет көрсеткен деп хабарлады Halyq Uni тілішісі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ-нің «Өркен қала» ЖШС-не қатысты ұқсас тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өндіруді жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерінің жоқтығына қатысты қорытынды беру туралы хатын қарап, басқарма атына ҚР Кәсіпкерлік кодексі нормаларының бұзылуын тоқтату туралы ұйғарым шығарды. Ол бойынша:

  • «Өркен қала» ЖШС монополияға қарсы органмен келісілмеген қызмет түрлерін, оның ішінде «Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде лифт жабдықтарын ауыстыру» қызметінің түрін жүзеге асыруын тоқтату;
  • «Өркен қала» ЖШС қызмет түрлерінің заңнама талаптарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1095 қаулысына сәйкестігін қамтамасыз ету міндеттелді.

«Өркен қала» ЖШС құрылтайшысы Астана қаласының әкімдігі болып табылады. Құрылтайшының атынан «Өркен қала» ЖШС басқаруды уәкілетті орган – «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ жүзеге асырады.

Аталмыш бұйрықтың орындалмауына байланысты департамент соңғысын орындауға мәжбүрлеу туралы сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шешімімен «Астана қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» ММ-ге департаменттің нұсқамасында көрсетілген заң бұзушылықтарды жою міндеттелді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.