Елорда тұрғыны төрт сағат ішінде 650 мың теңгесінен айырылған
Өзін әскери қызметкер ретінде таныстырған тараздық жігіт Астанадағы 50-дегі кісіні сан соқтырып кетті. Қылмыскер небәрі төрт сағат ішінде басқа қалада тұрып-ақ өзгенің 650 мың теңгесін өз есепшотына аударып алған.
Елордалық Нұрғали Тасболтаұлы құрылыста жұмыс істеп, бес баласын асырап отыр. Жақында ипотекаға үй рәсімдеген. Көптен күткен арманы орындалып, жаңа үйдің ішін жиһаздарға толытарамыз дегенде алаяқтарға алданып қалып отыр.
«Үйді ипотекаға рәсімдедім. OLX-тан 100 мың теңгеге ас үй жиһазының жарнамасын көрдім. Бірақ иесі Александр Волохов Таразда екен. Хабарласып ем, өзінің әскери қызметте екенін айтып, басқа қалаға жұмыс бабымен көшетіндіктен жиһаздарын арзан бағаға сатылымға қойғанын жеткізді. WhatsApp мессенджеріне жеке куәлігін, жұмыс куәлігін жіберді. Ол аз дегенімде, қолына жеке куәлігін алып түскен суретін жіберді. Сеніп, банк картасына 150 мың теңге аудардым. Одан кейін музыкалық аспап, орындықтар мен теледидар секілді өзге де жиһаз суреттерін жіберіп, қызықтырып қойды. Оларды да аламын деп шештім де, есепотына тағы 150 мың теңге аударып жібердім. Сосын тағы 300 мың теңге аудардым. Бет-жүзін көрмеген адамға бас-аяғы 650 мың теңгені төрт сағат ішінде өз қолыммен аударып жіберіп отырмын. Жиһаздарды жүк көлігіне тиегенін айтып сендірді, жүргізушімен тілдестірді. Көлікке тиеп қойған соң суретін жіберді. Сосын әйелі хабарласып, «тағы 300 мың теңге жібермесеңіз, көлік астанаға шықпайды» деп шарт қойды. Жібермеймін десем, «онда жиһаздар да, ақша да жоқ» деп, телефонын өшіріп тастады. Содан бері үш күн өтті, еш хабар жоқ», - дейді Нұрғали Тасболатұлы.
Осы оқиғадан соң көпбалалы әке Астана қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасына арызданған. Алайда полиция қызметкерлері көмек сұрап барған жанға қол ұшын созудың орнына арыз жазбауға үгіттепті.
Арыз жазғаннан пайда жоғын айтты. Ол адамның қай жақтан хабарласқаны белгісіз. Көбіне Ресейде отырып, хабарласады. Оларды табу мүмкін емесін айтып, арыз жазбай-ақ қоюымды өтінді. Олар үшін 650 мың теңге ақша емес шығар. Бірақ мен оны маңдай теріммен таптым. Алаяқтармен күрес – олардың жұмысы. Мен сонда да айтқандарына құлақ аспай, арызымды жаздым. Нәтижесін уақыт көрсетеді. Менің оқиғам өзгелерге сабақ болса екен деймін. Енді ешқашан интернет дүкендерден зат сатып алмаспын, - деді елордалық.
Айта кетейік, елордада жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 3 718 оқиғасы тіркеліп, 72 айыпты жауапқа тартылған. Қазан айының ішінде 300-ден астам интернет-алаяқтық ісі тіркеуге алынды. Жалпы шығын 1 млрд 657 млн теңгені құрайды.