5 млн теңге қарыз: талдықорғандық әйел бұрынғы күйеуінің әрекетіне шағымданды
Жетісу облысында 8 014 адам алимент төлейді
Жетісу облысында жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 93 адам тіркелді. Олардың басым бөлігінің тұрақты жұмысы жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Алимент төлеуден қашып жүргеннің бәрі жұмыссыз азаматтар. Жыл басында 183 борышкер еді. Алматы облысы екіге бөлінген соң, іс аудан-қалаға байланысты бөлініп отыр. Жетісу облысында 93 іс қалды. Іздеуде жүргендер де бар», - дейді облыстық жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Дәулет Ақпанбетов.
Қарызын өндіре алмай жүргендердің қатарында талдықорғандық Мөлдір Байболатова да бар. Жалғызбасты ана 2013 жылдан бері бұрынғы күйеуінен алимен ала алмай келеді. Жалғыз өзі үш баласын тәрбиелеп отыр. Қазірге дейін бұрынғы күйеуінің алимент бойынша қарызы 5 миллион теңгеге жеткен.
Бұрынғы күйеуімді сотқа да бердім. Жеке сот орындаушылардың көмегіне де жүгіндім. Нәтиже болмай жатыр. Алиментті өндіру туралы сот бұйрығы шықты. Десе де, нәтиже жоқ. Әкімшілік жауапқа тартылып жатыр, - дейді қала тұрғыны Мөлдір Байболатова.
Жетісу облысында алимент өндіру ісі бойынша кейінгі 3 айда әділет департаментіне 39 шағым түскен. Жалпы өңір бойынша алимент төлеуші ата-ананың жалпы қарызы 84 миллион теңгеге жетті. Оларға Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес жаза қарастырылған.
«Әділет департаменті тарапынан тиісті шаралар атқарылып жатыр. Өндіріп алушылардың арызы бойынша бір қылмыстық іс қозғалды. 30-дан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 9 іс тиісті органдарға жіберілді», - дейді Жетісу облыстық әділет департаменті атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Ерсін Абдығалиев.
Айта кетейік, Жетісу облысында 8 014 адам алимент төлейді. Ішінде екі мыңнан астам борышкер өз қалауы бойынша балаларына қаржылай қолдау көрсетеді.
Әмина Құдайберген, Жетісу облысы