РФ әскері жастары беске толмайтын 50-ге жуық баланы «жедел жәрдем» көлігіне отырғызып, Қырымға алып кеткен
Ресейдің әскерлері Херсон облысындағы «эвакуация» аумағын одан әрі созып, кеңейтіп жатыр. Бұл туралы «Донпресс» хабарлады.
Басылымның жазуынша, Херсон облысының Ресей тағайындаған «губернаторы» Сальдо күштеп көшіріліп жатқан бейбіт тұрғындарды Днепр өзенінің сол жағалауында 15 шақырым аумаққа дейін орналастыратындарын айтқан. Бұл шешімге Новая Каховка, Голопристанск, Олешкино, Каховка, Горнастай, Великолепетиха және Верхнегачик елді мекендерінің тұрғындары іліккен.
Сондай-ақ Николаевский Ванек елді мекенінің жергілікті тұрғындарына Норильск қаласына барып тұру ұсынылған.
Тәулікте Украина қарулы күштері Ресейдің Ка-52 маркалы екі соғыс тікұшағын атып түсірген. Оларды «Оңтүстік» күштердің әуе бригадасы Херсон облысының Берислав ауданында жойып жіберді. Осы тұста Ресейдің Белгород облысында бірнеше рет жарылыс болғаны да белгілі. Мұны облыс губернаторы Вячеслав Гладков айтты.
Тағы айтатын бір нәрсе, жақында Ресей әскері Херсон жетім балалар үйінен сәбилерді еріксіз әкеткен болатын. Басқыншылар әскерлері өздері уақытша басып алған Симферопольдан жедел жәрдем көліктерін әкеліп, Херсон балалар үйінің 46 тәрбиеленушісін әкеткен.
Херсон облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Ярослав Янушевский 21 қазан күні облыс жерінен ресейлік оккупанттардың жастары беске толмайтын 50-ге жуық баланы жедел жәрдем көлігіне отырғызып, Қырымға алып кеткенін хабарлады. Сондай-ақ ол осы заңсыз депортация оқиғасына байланысты Херсон облыстық прокуратурасына шағым түсіргендерін атап өтті.
Ресейлік қылмыскерлер заңсыз ұстап отырған кішкентай украиндар тезірек украин территориясына қайтарылуға тиіс, – деді Ярослав Янушевский.
Украина әскери командованиесінің хабарлауынша, қазір ресейлік коллаборанттар да өздерінің отбасылары мен мүліктерін алып, қаладан қашып жатыр.