Halyq Uni логотип
×

СҚО-да ана өлімін жасырған аурухана басшысы қызметінен кетті

Қалған дәрігерлерге қандай жаза қолданылатыны жақын арада белгілі болады

 Самат Жақып 25.02.2022 | 11:31
СҚО-да ана өлімін жасырған аурухана басшысы қызметінен кетті
фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысында бесінші баласын дүниеге әкеліп, қайтыс болған Әйгерім Қазезованың өліміне қатысты жүргізілген тексерістен кейін, Тайынша аудандық орталық ауруханасының директоры Анатолий Рафальский отставкаға кетті. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Айманов мәлімдеді.

«Рафальский Анатолий Павловичтің отставкасын қабылдадық. Тиісті бұйрық шықты. Бүгінде директордың міндетін басқа адам атқаруда. Сондай-ақ Тайынша аудандық ауруханасының стационары бойынша емдеу мәселелеріне жауапты директордың орынбасарына қатысты жақын күндері қатаң әкімшілік шаралар қабылданатын болады», - деді Нұрлан Айманов.

Еске салайық, былтыр жүкті әйел - Әйгерім Қазезова облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізіледі. Мұндағы дәрігерлер бала мен әйелдің өмірін сақтап қалу үшін, мерзімінен бұрын босандыру туралы шешім қабылдайды. Осылайша 5 тамыз күні кесарь тілігі жасалады. Ал 19 тамызда науқастың жағдайы күрт нашарлайды. Компьютерлік томография оның өкпесінің 90% зақымданғанын көрсеткен. Осылайша 22 тамызда сағат 12:37-де көпбалалы ана қайтыс болады.

Кейін облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Анатолий Белоног пен Тайынша аудандық орталық ауруханасының директоры Анатолий Рафальский бірлесіп әрекет етіп, азаматшаның өлімін жасырған. Себебі, Қазезованың дүние салуы жас ана өлімі ретінде тіркелсе, министрлік тарапынан талай тексеріс болары сөзсіз. Сондықтан қайтыс болу туралы анықтама қағазын да бір ай кешіктіріп жасап берген.

Бұл іске қатысы бар бас дәрігерлердің қандай да бір жазаға тартылатыны, көпбейінді облыстық аурухана басшылығына қатысты қандай шара қолданатыныны туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы жақында мәлімдейді.

Көпбейінді облыстық ауруханаға келетін болсақ, Қазезованың өлімін жасырған емдеуші дәрігерлерді жазалауды мемеке басшылығы қабылдайды. Ал аурухана әкімшілігінің тағдырын СҚО денсаулық сақтау басқармасы облыс әкімдігімен бірлесе шешеді. Ол келесі аптада қабылданады. Оны кейін баршаңызға жариялаймыз,- деді Нұрлан Айманов.

Солтүстік Қазақстан облысы ана өлімі бойынша республикада үшінші орында тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама