Halyq Uni логотип
×

«Торғайдан Түркияға дейін». Қазақстандық велошеруші 55 күнде 5555 шақырым жүріп өтті

Велошабандоз Қазақстан жолдарының Грузия мен Түркиядан анағұрлым нашар екенін айтады

 Айнұр Шошаева 01.11.2022 | 16:10
«Торғайдан Түркияға дейін». Қазақстандық велошеруші 55 күнде 5555 шақырым жүріп өтті
Фото: Halyq Uni

Қазақстандық велошеруші Ернат Мелсұлының Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған халықаралық велошеруі мәресіне жетті. Шеруші 55 күннің ішінде Қазақстан, Грузия мен Түркияның бірқатар өңірлерін жүріп өтті, деп хабарлайды Halyq Uni

Ернат Мелсұлының есімі қазақстандықтарға журналист және аудармашы ретінде белгілі. Әуесқой шабандоз халықаралық шеруін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арнаған болатын. Шерудің мәресі Ахмет Байтұрсынұлының кіндік қамы тамған Сарытүбек қыстауынан басталды. 

«Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды. Соны халықаралық деңгейде насихаттауға жеке азаматтық үлесімді қосу үшін темір атқа отырдым. Екіншіден, Мұстафа Өзтүріктің есімін ұлықтауды көздедім. Кез келген велошеруде сөре мен мәре маңызды ғой. Сөрені Ахмет атамыздың туған жері Сарытүбек қыстауындағы кіндік қаны тамған үйі мен әулеті жерленген қорымынан басталды. Қазақстанда Қостанай, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары арқылы өтіп, шетелде Грузия мен Түркияда жүрдім. Мәре Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Гүнешлі ауданындағы Мұстафа Өзтүріктің зиратында аяқталды», – деді ол. 

Велошабандоз сапарға бір жыл бойы дайындалғанын айтады. Мақсатым қазақ пен тұтас түркі әлеміне ортақ тұлға Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын насихаттау, дейді. Велошабандоз 55 күннің ішінде 5555 шақырым жол жүріп өткен. 

«Грузияда 400-дей шақырым болды, көп бөлігі Түркияда өтті. Велошеру денсаулықты құртуға емес, керісінше нығайтуға арналады ғой. Саламатты өмір салты мен елді-жерді сүюге шақыруды мақсат еттім. Ел мен жерді сүю үшін алдымен оны дұрыс танып, тарихын білу керек. Қазақстанның төрт облысынан өттім. Сол кезде ауыл, аудан, қалалардағы музейлерге бардым. 50-ден астам музей мен тарихи жерлерге арнайы ат басын бұрып, ол туралы әлеуметтік желілерде жариялап отырдым», – деп қосты Ернат Мелсұлы. 

Сондай-ақ сапар кезінде қиындықтарға тап болғанын айтады. Мәселен, 5 қыркүйек шерудің алғашқы күні Сарытүбектен Жангелдин ауданына дейін +40 градус ыстықта жүруге тура келген. 

Сондай-ақ жолы өте нашар. Былтырдан бастап  Ахмет атамызды ұлт ұстазы, рухани көсеміміз деп ұлықтап жатырмыз. Бірақ оған құрмет толық емес, көп нәрсе өтірік, құр сөзбен ғана жасалып жатыр екен. Мысалы, ЮНЕСКО-ның мерейтойды халықаралық деңгейде атап өту туралы бекіткені былтыр желтоқсан айында белгілі болды. Сол кезден бастап дайындыққа, Қазақстанда тұлғаның атына сай лайықты атап өтуге ықыласпен кірісу керек еді. Өзімнің байқауымша дұрыстап атап өткен жоқ. Соның бір көрінісі – ұлт ұстазының туған жеріне көңіл бөлінбеді: жол быт-шыт, асфальт жоқ, құм басқан. Өте ұят енді. Құм басқан жолмен жүрдім. Ондай жерде дөңгелегі қалың, жалпақ деген көліктің өзі әрең жүреді, – дейді ол. 

Сапар кезінде белсебетінің 15 камерасын ауыстырған. Бұған қоса жаңбырлы күнге тап болған, алайда бұл оны райынан қайтармады. 

«Грузияның таулы жерлерінде күн суық, тіпті, Түркияға алғаш келген күндері сынап бағанасы -1-5 аралығында болды. Грузиядағы Қазбек тауын, Түркияның орталық бөлігінде биік таулар мен асулардан астым. Кемі 5555 шақырымдық шеру кезінде азып-тозып, өліп-талып, арып-ашқан күй кешкен жоқпын. Өйткені оған бір жылдан астам тыңғылықты дайындалып, бабымда болдым. Киімдерім де лайықты еді, тоңып, үскен кезім болмады», – деді Ернат Мелсұлы. 

Сонымен бірге велошеруші жүріп өткен үш мемлекеттің жолдарына қатысты пікір білдірді. 

Қазақстанның жолдары өте тар. Елдегі жолдарда белсебетпен жүру қиындау, қауіпті болды. Мысалы, жолдың шетінде жолақ болады, ол өте тар. Жүк көліктері мен автобус, жүйрік көліктер зымырап жүреді, шынтағымды созсам тиетіндей жақын болды. Байқағаным елдегі көлік ағыны Грузия мен Түркиядағы ағыннан кем емес. Алайда жолдары ол ағынға лайықты емес. Қазақстанның жолдарында шұңқыр көп, шұрық, тесік көп. Ал аталған екі елде жол инфрақұрылымы жақсы дамыған, тесік, шұңқыр кездеспейді. Мәселен, таулы жерлеріндегі туннельдерінің өзі жап-жарық, таза әрі жолы тегіс, – деп толықтырды әуесқой шабандоз.

Бастапқыда ол Түркияға Әзербайжан арқылы баруды жоспарлаған болатын. Алайда Ресейде басталған ішінара әскерге жұмылдыру оның жоспарының өзгеруіне әкелді. Себебі бастапқыда Маңғыстауға жетіп, Құрық теңіз айлағынан Бакуге дейін кемемен өтуді жоспарлапты. 

«Сол кезде геосаяси жағдайда көп өзгерістер болып кетті. Ресейде ішінара әскерге жұмылдыру жариялағанда, халқы қаша бастағанын білесіз. Қазақстанның бірқатар өңіріне, оның ішінде Ақтаудан Бакуге ағылды. Соның әсерінен Әзербайжан шекарасын, құрлық жолы мен су жолын да жапты. Ресми түрде Әзербайжанның Ақтаудағы консулдығы мен Астанадағы елшілігіне хабарласқанымда пандемиямен байланыстырды. Бірақ қазір ешқай жерде пандемия жоқ қой. Осылайша Ақтауға барып тұрып қалдым. 30 қыркүйекте Ақтауға жеткен соң не істерімді білмедім. Әуе тасымалы бар, бірақ Ақтаудан Бакуге 15 күнге дейін билет жоқ. Оның өзінде әдетте 30-35 мың теңге тұратын билет сол кезде 950 мың теңгеге дейін қымбаттап кетті. Сол кезде қиындық болды. Нәтижесінде Грузияның Кутаиси қаласына ұшып, сапарымды әрі қарай жалғастырума тура келді», –деп қорытындылады Ернат Мелсұлы. 

Велошеру Ыстамбұлдағы Мұстафа Өзтүріктің зиратына барып, құран бағыштаумен аяқталды.

Айта кетейік, шабандоз ендігі шеруін келесі жылы аталып өтілетін Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арнауды жоспарлап отыр. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы дүниеге келген Ақтоғай ауылынан бастап, Бейбарыс Сұлтан билік құрған Каир (Мысыр) қаласына дейін белсебетпен бару ойында бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама