×

Ресейліктер Литвада жылжымайтын мүліктерді жаппай сатып алып жатыр

Мыңдаған адамға ешкім бақылау жүргізіп отырған жоқ

 Дастан Жұмабекұлы 01.11.2022 | 11:57
фото: ашық дереккөз

Ресейліктер қазір Литва шекарасынан мың-мыңдап өтіп, жылжымайтын мүліктерді емін-еркін сатып алып жатыр. Бұл туралы delfi.lt хабарлады.

Осыған байланысты Литва парламенті ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы Лауринас Кашюнас Ресеймен және ресейліктермен жалпы ортақ ештеңе болмауы керек екенін қадап айтты. Сондықтан Литва мен бүкіл Еуропа одағы ресейліктерге өз елдерінен жылжымайтын мүліктер нысандарын сатып алуға тыйым салуы тиіс дейді ол.

Кашюнас Delfi тілшісіне берген сұхбатында ресейліктерді Литваға келуге тыйым салуының тиімділігіне риза екенін білдірді. Рас, әлі анықталмай тұрған жайттар да бар: Литваға ЕО елдері арқылы келген мыңдаған ресейліктерге қазір бақылау жүргізіп отырған ешкім жоқ, олардың қаншасы кеткенін және қалғанын ешкім де білмейді, деді ол.

Шекарашылардың айтуынша, бұлардың соңғы варианты көбірек алаңдаушылық туғызады. Литвада қалып қойған ресейліктер әлі де көп.

Еуропа одағы Ресей азаматтарына ЕО елдерінде жылжымайтын мүліктерді сатып алуға тыйым салу мәселесін көктемде талқылаған болатын. Бірақ ондай санкция әлі берілген жоқ.

Литва сыртқы істер министрі ресейліктерге жылжымайтын мүліктер сатып алуға рұқсат бермей қою бүкіл ЕО елдері үшін ең тиімді тетік болатынын мәлімдеді.

РФ-да мобилизация жарияланғаннан кейін Финляндияға ресейліктер ағылып келе бастады. Олардың біразы сол бойда елден үй сатып алды. Қазір финдер осының зардабын тартып жатыр. Сондықтан бұған тыйым салатын уақыт келді. Ресейліктердің қаптап келулері әрбір елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді.

Литва Ресейдің Украинадағы соғысы үшін ұжымдық жауапкершілік мәселесін көтеріп, Ресейді дұшпан ел деп есептейтінін жариялағаны ресейліктердің айылдарын жината қойған жоқ. Олар соған қарамастан, Литва жерінде қалағандарынша жылжымайтын мүліктер сатып алды.

«Біз мұның бәрін Ресейдің Украинаға соғыс ашуынан туып отыр деп айта алмаймыз. Себебі, ресейліктердің Литвада үй сатып алулары бұрынғы деңгейінен түскен жоқ», – деді Delfi басылымына Тіркеу орталығының баспасөз хатшысы Миндаугас Самкус.

Тіркеу орталығының хабарлауынша, 2022 жылдың бірінші жартысында Ресей азаматтары Литвада 524 жылжымайтын мүлік нысанын сатып алған.

«Ресейліктер жылдан жылға жылжымайтын мүлікті көптеп сатып алып жатыр. Олар 2021 жылы 1005 нысан сатып алған болатын. Бұл көрсеткіш 2020 жылы – 801, 2019 жылы – 642, 2018 жылы 649 болған еді», – деді Самкус.

Осының өзі Ресей азаматтарының бұрынғы одақ елдеріне жоспарлы түрде қоныс аударып жатқанын көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама